Астанада Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасында Визалық режимді жеңілдету туралы келісім және Реадмиссия туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің екінші раунды өтті.
Атап айтқанда, азаматтардың ұтқырлығын дамытуға, қоғамдар арасындағы байланыстарды нығайтуға және көші-қон саласындағы өзара іс-қимылдың тұрақты әрі болжамды құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған болашақ келісімдердің жобалары талқыланды. Сонымен қатар сапарларды жеңілдету мен қауіпсіздік мәселелеріне теңгерімді тәсілді қамтамасыз етуге, рәсімдерді жетілдіруге, өзара сенім мен тараптардың жауапкершілігін нығайтуға ерекше назар аударылды.
Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді дамыту аясында тараптар екіжақты қатынастардың кемелденген әрі стратегиялық сипатын айқындайтын заманауи ұтқырлық тетіктерін жетілдіруге өзара ұмтылысты көрсетті.
Еуропалық әріптестердің сөздерінде Қазақстанның көші-қон саясаты саласындағы мәселелерді шешудегі сындарлы әрі прагматикалық тәсіліне жоғары баға берілді, сондай-ақ келіссөздер үдерісін жалғастыруға және сарапшылық өзара іс-қимылдың орнықты серпінін қолдауға дайындық білдірілді.