Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығына арналған дәріс өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығына  арналған дәріс өтті

Елордалық жоғары оқу орнында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастығының басым бағыттарына арналған ашық дәріс өтті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен БҰҰ-ның Елдік кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 34 жылдығына арналды. Кездесуге студенттер, ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы мен жас мамандар қатысты.

Сөз сөйлеу барысында спикерлер Қазақстан мен БҰҰ арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту, халықаралық бастамаларды іске асыру, сондай-ақ еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі, Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуы және елдегі БҰҰ агенттіктерінің жұмысы туралы өз пайымдарын ұсынды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Д.Теменов еліміздің БҰҰ алаңында өңір мүдделерін ілгерілетудегі жетекші рөлі және Қазақстанның Ұйымдағы басымдықтары туралы айтып кетті. Бұл орайда, халықаралық қатынастар мамандарын даярлаудағы ЕҰУ-дың ерекше рөлін атап өтті.

Сондай-ақ баяндамамен БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің басшысы К. Абдулганиев, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының аға сарапшысы С. Савельев және БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілінің орынбасары С. Ходжиматов еліміздің Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша атқарып отырған қызметі, жаһандық ядролық қарусыздану процесіне қосқан үлесі туралы ақпаратпен бөлісті.

Осы күні Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының айтулы күніне орай Алматыда Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекованың және БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самектің қала жоғары оқу орындарының студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесуі өтті.

БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығында өткен кездесу барысында дипломаттар Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының тарихи кезеңдері, қазақстандық дипломатияның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі, көпжақты ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілету, елдің жаһандық процестердегі рөлі, сондай-ақ халықаралық қатынастар саласындағы кадрларды даярлау мәселелері туралы баяндады.

Бұл іс-шаралар студенттердің халықаралық қатынастар мен дипломатияға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды білім беру және ақпараттық оқиғаға айналды.