Қазақстан Орнықты даму мақсаттарына бейілділігін растады

Қазақстан Орнықты даму мақсаттарына бейілділігін растады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған Орнықты даму саласындағы ынтымақтастық негіздемелік бағдарламасының Басқарушы комитетінің отырысы өтті.

Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері, БҰҰ агенттіктері, бағдарламалары мен қорларының басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Өз сөзінде Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу мемлекеттік жоспарлау жүйесіне толық енгізілгенін және Үкіметтің тұрақты ведомствоаралық бақылауында екенін атап өтті. Оның айтуынша, елде ОДМ бойынша шамамен 200 ұлттық индикатор қолданылады, бұл прогресті жүйелі түрде бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің 6,5%-ға өскенін айтып, әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты динамикасын атап өтті.

Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча елдің айтарлықтай прогреске қол жеткізгенін мәлімдеді: ОДМ нысаналы көрсеткіштерінің шамамен 40%-ы орындалған немесе тұрақты іске асырылу жолында, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 18%-дан едәуір жоғары. Ол сондай-ақ жаңа Конституция жобасы бойынша жалғасып жатқан қоғамдық диалогты қоса алғанда, реформалардың дәйекті жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде, ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов Мемлекет басшысы БҰҰ Қазақстан үшін халықаралық тәртіптің баламасыз әрі басты тірегі болып қала беретінін бірнеше рет атап өткенін айтты. Осы тұрғыда 2026-2030 жылдарға арналған Орнықты даму саласындағы ынтымақтастықтың негіздемелік бағдарламасы бірлескен жұмыстың стратегиялық бағдарын айқындайтыны және БҰҰ қолдауының ұлттық даму басымдықтарына толық сәйкес келетінін жеткізді.

Д.Теменов сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығы құрылғанын еске салды. Бұл қадам даму бағытына негізделген өңірлік көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес болды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Басқарушы комитет 2025 жылғы жұмыстың нәтижелерін мақұлдап, ағымдағы жылға арналған басымдықтарды бекітті, сондай-ақ Қазақстан мен БҰҰ арасындағы Орнықты даму мақсаттарына жету үшін стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.