Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Бруней-Даруссалам Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ұйымдар жөніндегі тұрақты хатшысының орынбасары Хаджи Мохд Юсра Хаджи Мохд Саллехпен кездесті.
Келіссөздер барысында екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, шарт-құқықтық базаны жетілдіруге, сондай-ақ әрекеттестіктің институционалдық тетіктерін іске қосуға және дамытуға өзара мүдделілік білдіргенін растады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру екіжақты серіктестікті кеңейтудің маңызды элементі ретінде аталып өтті.
«Қазақстан Бруней компаниялары үшін өңіріміздің және Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығатын қақпа бола алады. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін зор әлеует бар. Бруней компанияларын энергетика, көлік және логистика, туризм, медицина, жаңа технологиялар және қаржы салаларына инвестиция салуға шақырамыз», – деп кездесу барысында қазақ дипломаты атап өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы күш-жігерді үйлестіруге, соның ішінде халықаралық алаңдардағы бастамаларды өзара қолдауға ерекше назар аударылды.
Қазақстан тарапы Азиядағы ынтымақтастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысына Бруней-Даруссаламның қосылу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Елдеріміз өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелердің басым бөлігі бойынша ортақ ұстанымға ие, бұл халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен күш-жігерімізге берік негіз қалайды», – деп атап өтті А. Бакаев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Бруней қатынастарын ілгері дамытуды мақсат тұтатынын растап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы диалог пен үйлестіруді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.