Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын растады

Қазақстан мен Ұлыбритания стратегиялық серіктестікті тереңдету бағытын растады

Лондон, 2026 жылғы 26 ақпан – Құрама Корольдікке сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Иветт Купермен екіжақты кездесу өткізді.

Е.Көшербаев «Орталық Азия – Ұлыбритания» форматындағы алғашқы министрлік кездесуін өткізу бастамасы үшін британ Үкіметіне алғысын білдіріп, оның өзектілігі мен іс жүзіндегі бағыттылығын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар қазақ-британ қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ сауда және инвестициялар, маңызды минералдар, көлік және логистика, қаржы, цифрландыру, білім беру және климаттық күн тәртібі салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.

2024 жылы қол қойылған Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығы аталып өтіп, оны ратификациялау өзара іс-қимылды кең ауқымды бағыттар бойынша тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер беретіндігі көрсетілді.

«Биыл елдеріміз дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 34 жыл толуын атап өтуде. Осы кезең ішінде Астана мен Лондон белсенді саяси диалог орнатып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтты. Ұлыбритания Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі болып қала береді және біз стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейілдіміз», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.

Маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қол қойылған 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасының өзара іс-қимылға қолданбалы сипат беріп, геологиялық барлау, өңдеу және заманауи технологияларды енгізу салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік ашатыны атап көрсетілді.

Тараптар Еуразиялық байланысты нығайтудың және жаһандық логистикалық тізбектердің тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту перспективаларын талқылады.

Білім және ғылым саласында академиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара қызығушылық расталды. Соңғы жылдары Қазақстанда «De Montfort University», «Heriot-Watt University», «Coventry University» және «Cardiff University» жетекші британ университеттерінің филиалдары ашылды. Бұл өзара іс-қимылдың неғұрлым терең институционалдық модельге көшуін және экономика мен инновациялардың ұзақ мерзімді дамуы үшін берік негіз қалыптастырылғанын айғақтайды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға назар аударылғанын растады.