Қазақстан мультилатерализмнің рөлін күшейтуді және жаһандық сын-қатерлерге бірлескен жауап әзірлеу үшін тиімді ынтымақтастықты дамытуды қолдайды

Қазақстан мультилатерализмнің рөлін күшейтуді және  жаһандық сын-қатерлерге бірлескен жауап әзірлеу үшін тиімді ынтымақтастықты дамытуды қолдайды

Женеваға сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев ынтымақтастықтың практикалық мәселелерін талқылау үшін БҰҰ-ның негізгі агенттігі мен басқа да халықаралық ұйымдардың 10 басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен кездесуде Қазақстанның көпжақты дипломатияға беріктігі және БҰҰ-мен белсенді ынтымақтастығы тағы бір мәрте расталды. Өз кезегінде Т.Валовая Қазақстанның халықаралық бастамаларға қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалап, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу, Өңірлік экологиялық саммитті ұйымдастыру, Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын ашу, сондай-ақ БҰҰ шеңберінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын айрықша атап өтті.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюркпен кездесуде Қазақстанның БҰҰ шарттық органдарымен және Адам құқықтары жөніндегі кеңестің Әмбебап кезендік шолу (ӘКШ) тетігімен жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының мандатын қолдауға адалдығы расталды. Ф.Тюрк 2023 жылы Қазақстанға жасаған сапары қорытындысы бойынша әзірленген бірлескен «жол картасын» жүзеге асыру аясында қалыптасқан сенімге негізделген ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады.

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесу «лайықты еңбек» жөніндегі бірлескен «жол картасын» іске асыру мәселелеріне арналды. Тараптар еңбек құқықтарын қорғау және халықаралық еңбек стандарттарын ұлттық заңнамада бекіту бағытындағы оң серпінді ерекше көрсетті. Қазақстан Әлеуметтік әділеттілік үшін Жаһандық коалицияны қолдайтынын растады және Орталық Азияда ХЕҰ өңірлік бағдарламаларын кеңейтуге мүдделілік танытты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры д-р Тедрос Гебрейесуспен әңгіме барысында Қазақстан мен ДДСҰ арасындағы жоғары деңгейлі серіктестік айқын көрініс тапты. Қазақстан ДДСҰ-ның  орнықты әрі адамға бағдарланған денсаулық сақтау жүйелерін нығайту жөніндегі жұмысына қолдау көрсететінін растады. Әсіресе Қазақстан бастамашы болған алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) жөніндегі Жаһандық коалиция және АМСК моделін жаһандық деңгейде ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, дағдарыс кезендерінде халыққа медициналық және гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ ДДСҰ басшысының 2026 жылғы сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуы талқыланды.

БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Бархам Салихпен кездесу барысында Қазақстанның көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа, босқындар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтарын қорғауға бағытталған саясатына оң баға берілді. Босқындар жөніндегі Жаһандық форум аясында қабылданған ерікті міндеттемелерді іске асыру барысы және көші-қон үдерістерін басқаруда цифрлық шешімдерді қолдану тәжірибесі кеңінен сөз болды.

Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің Вице-президенті Жиль Карбонньемен өткен кездесуде басым гуманитарлық мәселелер көтерілді. Тараптар халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемені нығайту жөніндегі Жаһандық бастаманы алға жылжытуға және осы бастамаға арналғанәқә, жылы Иорданияда өтетін Жоғары деңгейдегі конференцияға дайындалуға ниетті екендерін растады.

БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Татьяна Молчанмен кездесуде халықаралық стандарттарды енгізу және көлік, сауда, экология, энергетика және инновациялар салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды. БҰҰ ЕЭК-тің Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға және оның қорытындыларын көпжақты экологиялық конвенциялар мен СПЕКА алаңында іске асыруға қызығушылық танытатыны атап көрсетілді.

Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартинмен цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Қазақстанның жаһандық цифрлық күн тәртібін ілгерілетудегі, электрондық үкіметті дамытудағы, инновациялық экожүйе мен жасанды интеллект технологияларын дамытудағы белсенді рөлі атап өтілді.

Халықаралық көші-қон ұйымы (ХҚҰ) Бас директорының орынбасары Сона Ли Қазақстанның көші-қон саясатына және еліміздің Алматы үдерісі шеңберіндегі төрағалық қызметіне оң баға берді. Кездесу барысында практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге өзара қызығушылық білдірілді.

Сонымен қатар, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жоғары деңгейдегі апталығы мен Қарусыздану жөніндегі конференция аясында Е.Ашықбаев қарулы қақтығыстар жағдайында ғибадат орындарын қорғауға арналған параллель іс-шарада сөз сөйледі. Ол өз сөзінде діни нысандардың мәдени мұраның бір бөлігі әрі гуманитарлық қолдау көрсетілетін маңызды кеңістік екенін айрықша атап өтіп, халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемені нығайту жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілетуге Қазақстанның берік ұстанымын растады және мемлекеттерді оның практикалық іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.

Барлық кездесулер барысында халықаралық құрылымдардың басшылары Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа және жаңа Конституция жобасының негізгі жаңашылдықтары туралы жан-жақты хабардар етілді. Аталған жаңашылдықтар адамға бағдарланған сипатқа ие болып, әділеттілік пен құқық үстемдігі қағидаттарын одан әрі нығайтуға, адамның құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейтуге, сондай-ақ азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын конституциялық деңгейде қорғауды бекітуге, оның ішінде дербес деректерді қорғау мен азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.