Лондон, 2026 жылғы 25 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Орталық Азия елдеріндегі әріптестерімен бірлесіп, Ұлыбритания Парламентінің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Бүкілпартиялық парламенттік тобының (APPG) депутаттарымен кездесті.
«Қазақстан Біріккен Корольдікпен қарым-қатынастарда оған Еуропадағы негізгі серіктестеріміздің бірі ретінде айрықша мән береді. Біз ашық саяси диалогты, сауда және инвестициялық байланыстардың өсуін, сондай-ақ білім беру, инновациялар және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Бұл серіктестікте парламентаралық диалог ерекше орын алады», – деп мәлімдеді Қазақстан CІМ басшысы. Ол парламенттік байланыстар өзара түсіністікті тереңдетуге, заң шығару қызметі мен парламенттік бақылау саласында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарды тиімді үйлестіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы екіжақты және өңірлік қатынастардағы парламентаралық диалогтың ерекше рөлін айқындады.
«Бүгінгі таңда Орталық Азия – мүмкіндіктері артып, жауапкершілігі күшейген өңір. Парламенттердің неғұрлым белсенді қатысуы өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, орнықты даму, климаттың өзгеруі және елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайту сияқты ортақ міндеттерді шешуге елеулі үлес қоса алады деп санаймыз», – деп атап өтті Е.Кошербаев. Ол сондай-ақ Парламенттер арасындағы партияаралық топтың қызметі Қазақстан мен Біріккен Корольдік арасындағы ұзақ мерзімді әрі прагматикалық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
Қазақстан СІМ басшысы сондай-ақ мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және мемлекеттік институттарды нығайтуға бағытталған саяси және конституциялық реформалардың кешенді бағдарламасын іске асыру туралы айтты. Аталған реформалар Парламенттің рөлін күшейте отырып және тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін жетілдіре отырып, мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді, есеп беретін және тиімді жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Өз кезегінде британ депутаттары Орталық Азияның мүмкіндіктер мен жауапкершілік өңірі екенін атап өтті. Олар парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, орнықты даму, климаттың өзгеруімен күрес және елдер арасындағы байланыстарды нығайту сияқты ортақ міндеттерді шешуге ықпал ете алатынын жеткізді. Депутаттар Ұлыбританияның заң шығару органдарының тәжірибесімен бөлісуге және тығыз парламентаралық ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.
Сондай-ақ Ұлыбритания Қауымдар палатасының Спикері Линдси Хойлмен кездесу өткізілді.
Сұхбат барысында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ұлыбританияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екіжақты қатынастар өзара құрмет, сенім және достық рухында дами беретініне сенім білдірді.
Ол Қазақстан Парламентінде Қазақстан-Ұлыбритания достық тобының белсенді жұмыс істейтінін атап өтіп, Ұлыбритания Парламентінде Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Көппартиялы парламенттік топтың жуырда құрылғанын құптады. Аталған топ құрамына Ұлыбритания Парламентінің Лордтар палатасы мен түрлі партиялардан шыққан Қауымдардың палатасының мүшелері кіреді.
«Жаңа топ Ұлыбритания мен Қазақстан, сондай-ақ өңіріміздің басқа мемлекеттері арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға лайықты үлес қосады және британдық парламентарийлердің қызығушылығы мен белсенділігін арттыруға ықпал етеді деп сенемін», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.
Қауымдар палатасының Спикері Линдси Хойл парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Ұлыбритания Парламентінің Орталық Азиямен ынтымақтастықты дамыту бастамаларын қолдауға дайын екенін растады. Ол Қазақстанның өңірдегі тұрақты әрі сенімді серіктес ретіндегі рөлін жоғары бағалап, заңнамалық тәжірибе, бірлескен білім беру және мәдени жобалар саласындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ екі елдің парламенттік делегациялары арасындағы диалогты кеңейтуге қызығушылық білдірді.