Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Чехия Республикасының Елшісі Павел Шепелякпен кездесу өткізді.
Қазақ дипломаты чех әріптесін парламенттік сайлаудың табысты өтуімен және жаңа Министрлер кабинетінің жасақталуымен құттықтап, біздің елдердің қазақ-чех қатынастарын одан әрі нығайту мен дамыту мақсатында қарқынды және сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыра беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге ортақ мүдделілік танытып, өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылады.
«Астана энергетика, көлік, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда чех компанияларымен өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі. Біздің мақсатымыз – осы салаларда өсу мен инновацияларды қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестікті қалыптастыру», – деп атап өтті А.Исетов. Осы тұрғыда ол 2025 жылғы сәуірде Қазатомөнеркәсіп пен чехиялық «ČEZ» компаниясы арасында Чехия атом электр станцияларына қазақстандық уран концентратын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылғанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Бұл екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың іс жүзіндегі маңызды қадамы болды.
Тараптар өзара сауда мен инвестицияларды ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін де растады. Осыған байланысты Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-чех үкіметаралық комиссиясы жұмысының маңыздылығы атап өтіліп, оның 2025 жылы өткен 12-отырысының қорытындыларына оң баға берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар бірлескен бастамаларды іске асыру арқылы өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге жәрдемдесу туралы уағдаласты.