
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 61-сессиясының және Қарусыздану конференциясының жоғары деңгейлі сегменттерінде сөз сөйледі.
АҚК-нің негізгі іс-шарасына мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 100-ден астам жоғары өкілдері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк қатысты.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мерейтойлық жиырмасыншы циклін ашу барысында Е.Ашықбаев Қазақстанның адам құқықтарын қорғау мен ілгерілетуге адалдығын бостандықтың, әділеттіліктің және орнықты бейбітшіліктің іргелі негізі ретінде растады. Ол «Әділетті Қазақстан» бағыты аясында ұлттық құқық қорғау архитектурасын нығайту жөніндегі жүйелі реформалардың нәтижелері туралы халықаралық қоғамдастықты мәлім етті.
Сөз барысында конституциялық реформаға ерекше назар аударылды. Жалпыұлттық референдумға шығаруға ұсынылған жаңа Конституция жобасы адамға бағдарланған мемлекет моделін қалыптастыруға, құқықтар мен бостандықтардың кепілдіктерін, оның ішінде цифрлық кеңістікте кеңейтуге, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» қағидатын бекітуге бағытталғаны аталып өтті.
Қазақстан БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына негізделген көпжақты жүйені тұрақты қолдайтынын растады. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының халықаралық бастамалары ұсынылды, олардың қатарында халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси адалдықты нығайту жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілету, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, Алматыда БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын іске қосу, Өңірлік экологиялық саммит өткізу, сондай-ақ БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ілгерілету бар.
Қарусыздану конференциясының жоғары деңгейлі сегментінде қазақстандық тарап бұл форумның қарусыздану, қару-жарақты бақылау және таратпау саласындағы негізгі әрі баламасыз көпжақты келіссөздер тетігі ретіндегі рөлін растады.
Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы ұжымдық күш-жігерге үлесін қосқан 2026 жылғы мерейтойлық даталарға ерекше назар аударылды:
- Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 35 жыл;
- Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қоюға ашылғанына – 30 жыл;
- Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде бекіткен Семей шартына – 20 жыл.
2026 жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясы мен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың
Шолу конференциясы қарсаңында Қазақстан негізгі акторлар арасында сындарлы диалогқа жәрдемдесуге дайын екенін растады, сондай-ақ қарусыздану мен таратпау жөніндегі жаһандық режимді нығайтуға адалдығын қайта мәлімдеді.
Сөз сөйлеу барысында 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев ұсынған бастамаға сәйкес, жаңа қарулану жарысының алдын алу және ядролық текетірес қаупін азайту мақсатында ядролық қаруы бар мемлекеттер арасындағы стратегиялық диалогты қайта жандандырудың маңыздылығына назар аударылды.
Сондай-ақ, Қазақстан Биологиялық қаруға тыйым салу жөніндегі конвенцияны одан әрі нығайтуға, оның ішінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру арқылы верификация тетіктері мен институционалдық қамтамасыз етуді дамытуға шақырды.
Қорытындылай келе, қазақстандық тарап Конференцияға мүше мемлекеттерді халықаралық қауіпсіздікті нығайту және көпжақты дипломатияның тиімділігін арттыру мақсатында келіссөз жұмысын бастау үшін икемділік пен ымыраға дайындық танытуға шақырды.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (БҰҰ АҚК) 2006 жылғы
15 наурыздағы Бас Ассамблеяның 60/251 қарарына сәйкес құрылды және адам құқықтарын бүкіл әлемде жалпыға бірдей құрметтеу мен қорғауға жәрдемдесуге, адам құқықтарының бұзылуына қатысты жағдайларды қарауға және тиісті ұсынымдар әзірлеуге жауапты үкіметаралық орган болып табылады.
Қарусыздану конференциясы (ҚК) 1979 жылы қарусыздану мәселелері бойынша халықаралық қоғамдастықтың бірыңғай көпжақты келіссөз форумы ретінде құрылды. ҚК – Женевада жұмыс істейтін үкіметаралық орган және қару-жарақты бақылау мен қарусыздану саласындағы шарттар бойынша келіссөздер жүргізуге арналған (оның ішінде ядролық қарусыздану мен таратпау, ғарышта қарулану жарысының алдын алу және т.б.).