Еуропалық дипломатиялық миссия басшылары Қызылорда қаласына жұмыс сапарымен барды

Еуропалық дипломатиялық миссия басшылары Қызылорда қаласына жұмыс сапарымен барды

Қызылорда, 2026 жылғы 19-21 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Бақыт Дүйсенбаев өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысу мақсатында Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі А.Симкич бастаған еуропалық елшілер делегациясымен, сондай-ақ Швейцария, Ұлыбритания және Канада елшілерімен бірге өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысу мақсатында  Қызылордаға барды.

Сапардың негізгі мақсаты – серіктестікті нығайту, инвестициялық диалогты дамыту, сондай-ақ Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және туристік әлеуетімен танысу.

Таныстыру сапары аясында қонақтар «Қайсар» футбол стадионын, жаңа теннис орталығын, инклюзивті спорт орталығын, облыстық тарихи-өлкетану музейін және музыкалық колледжді аралады. Шетелдік меймандар үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті студенттерімен «кафетерий» форматында кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Абай Дәулет» ЖШС аграрлық компаниясына бару, этноауылға экскурсия және 11 этномәдени бірлестікті біріктіретін Достық үйіне барып шығу бағдарлама аясында қарастырылды.

Сапар барысында негізгі іс-шаралардың бірі делегацияның Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен ресми кездесуі және «Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысуы болды.

Дөңгелек үстелде Қазақстанның Еуропа Одағы елдерімен ынтымақтастығының жетістіктері мен перспективалары талқыланды. Сондай-ақ Қызылорда облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен басым даму бағыттары мәлімденіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика және энергетика салаларындағы перспективті инвестициялық жобалар ұсынылды.

Ә.Қуантыров өңірдің Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясындағы көлік байланыстылығы және Еуропалық Одақтың «Global Gateway» стратегиялық бастамасын іске асыру тұрғысынан маңыздылығы зор екенін атап өтті. Еуропалық делегацияның Қызылорда қаласына сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы аясында Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестіктің жоғары қарқынын айқындайды.

Ә.Қуантыров атап өткендей, «Еуропалық Одақ біздің ең ірі сауда серіктесіміз болып қала береді: Қазақстанға ЕО-ның Орталық Азиямен жалпы саудасы шамамен 80 пайызға тиесілі, ал 2005 жылдан бері Еуропаның ҚР экономикасына салған жиынтық инвестиция көлемі 200 млрд АҚШ долларынан асты». Бұл Еуропа капиталының Қазақстандағы үлесі ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін және экономикалық өзара іс-қимылдың тығыз деңгейін айғақтайды».

Сапар қорытындысы бойынша шетелдік елшілер мен бизнес қауымдастығы өкілдері Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, өзара тиімді ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын одан әрі талқылауға дайын екендерін растады.