Душанбе, 2026 жылғы 16 ақпан – Душанбеге ресми сапар аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевты Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қабылдады.
Кездесу барысында Э.Рахмон екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухында дәйекті түрде дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, екі ел арасындағы көпқырлы өзара байланыстардыі одан әрі нығайтудың маңыздылығына назар аударды.
Өз кезегінде Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысы туралы ақпарат берді.
«Қазақ-тәжік қатынастарының тұрақты әрі дәйекті даму сипатына ие екенін және олардың әлеуеті зор екенін ерекше атап өткім келеді», – деді Қазақстан СІМ басшысы.
Министр Тәжікстан Президентін қазақ-тәжік ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі кеңейту перспективалары жөнінде жан-жақты хабардар етті. Мемлекет басшылары қойған өзара тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына жеткізу жөніндегі мақсатқа қол жеткізу бағытындағы тараптардың күш-жігерін қоса алғанда, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге ерекше назар аударылатыны мәлім етілді.
Кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері де талқыланды. Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылының жоғары деңгейі және өзара қолдау көрсетуі аталып өтті.