Астана, 2026 жылғы 16 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Орталық Азия елдерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің Өңірлік байланыс тобының кезектен тыс отырысы өтті.
Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тұқымов Қазақстанның Кабулмен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасуға және практикалық шешімдер іздеуге мүдделі екенін атап өтті.
Тараптар Ауғанстандағы қазіргі жағдайды және практикалық өзара әрекеттестік мәселелерін, оның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, Ауғанстан аумағы арқылы транзиттік-көлік дәліздерді кеңейту, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Қатысушылар Ауғанстанның тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мүддесінде Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Өңірлік байланыс тобы аясында тұрақты консультацияларды жалғастыруға және жұмыс байланыстарын қолдауға дайын екендерін растады.