Қазақстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды дамытуды жалғастырып, стратегиялық диалогты нығайтуда

Қазақстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды дамытуды жалғастырып, стратегиялық диалогты нығайтуда

Бішкек, 2026 жылғы 13 ақпан – Бішкекке ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевты Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қабылдады.

Әңгімелесу барысында С.Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдетудің маңыздылығын айқындап, екі мемлекет арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуындағы оң серпінді қанағаттанушылықпен атап өтті.

Өз кезегінде Е.Көшербаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебіз бен ізгі тілектерді жеткізіп, жоғары және аса жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берді.

«Қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының әлеуеті зор әрі олар жыл сайын жаңа сапалы мазмұнмен толыға отырып, жыл сайын өрлеу бағытында дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Бұған, ең алдымен, Сіздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен арадағы тұрақты саяси диалогыңыз ықпал етуде», – деп атап өтті Е.Көшербаев.

Сондай-ақ, Министр Қазақстан екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуді өзара ықпалдастықты тереңдетудің негізгі факторларының бірі ретінде қарастыратынын айтты. Ол біздің еліміздің Қырғызстанның ірі сауда серіктестерінің үштігінде берік орын алып отырғанын атап өтті. Өзара сауда көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрады және бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты қойылған.

Кездесуге қатысушылар екі елдің көпжақты форматтағы ынтымақтастығын жоғары бағалап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бауырлас мемлекеттердің одақтастық қатынастарды дәйекті түрде нығайту бағытына бейілділігін растады.