Берлин, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Орталық Азия – Германия» (С5+1) форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты.
«Орталық Азия әлемдік экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналды. Оның халықаралық субъектілігі мен жаһандық үдерістердегі рөлі артып келеді. «Орталық Азия – Германия» форматын ортақ сын-қатерлерге бірлескен жауаптар әзірлеу және бүкіл өңірдің игілігіне бағытталған нақты жобаларды іске асыру үшін стратегиялық платформа ретінде қарастырамыз», – деді Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз сөзінде.
Е.Көшербаев Орталық Азия елдерінің экономикалары бірін-бірі толықтыратынын, алказах олардың жиынтық ресурстық әлеуеті Германияның озық технологияларымен ұштасқанда өзара тиімді серіктестік үшін қуатты негіз қалыптастыратынын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан үшін энергетика және табиғи ресурстарды игеру салаларындағы экономикалық өзара іс-қимыл мен өзара байланыстылық ерекше маңызға ие екені айтылды.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз сөзінде Германиямен сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, герман инвестицияларын тартуға және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға мүдделілікті растады. Германияның жетекші технологиялық серіктес әрі маңызды инвестор ретіндегі рөлі, сондай-ақ энергетика саласындағы, оның ішінде энергия ресурстарын жеткізу, «жасыл» энергетиканы дамыту және декарбонизация жобалары бойынша ынтымақтастықтың перспективалары ерекше аталып өтті.
ҚР СІМ басшысы Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі артықшылықтарына назар аударып, орнықты көлік-логистикалық дәліздерді, оның ішінде Орта дәлізді дамыту мәселелері бойынша Германиямен ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар кездесу барысында Орталық Азияның стратегиялық тұрақтылық өңірі екені аталып өтті. Қазақстан үшін өңірлік ынтымақтастықты нығайту – сыртқы саясаттың басымдығы, ал Германиямен өзара іс-қимыл – орнықты дамуды қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару және трансшекаралық тәуекелдердің алдын алу тұрғысынан маңызды бағыт.
Қазақстан климаттық күн тәртібіне бейілділігін растап, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық таза технологияларды енгізу салаларында Германиямен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Гуманитарлық өлшемді дамытуға, оның ішінде білім беру, ғылым, кадрларды кәсіптік даярлау және академиялық алмасуларға ерекше назар аударылды.
Пленарлық кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар «Орталық Азия – Германия» форматын нақты бастамалармен және практикалық жобалармен одан әрі толықтыруға мүдделілігін растады.