
Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі Ақан Рахметуллин Нидерланд Королі Ұлы Мәртебелі Виллем-Александрға сенім грамоталарын тапсырды.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейінгі кездесу барысында Елші Корольге Қазақстанның ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар аясында ақпарат берді.
Сондай-ақ Корольге мемлекеттілікті нығайту, орнықты экономиканы қалыптастыру, азаматтардың әл-ауқаты мен құқықтық мәртебесін арттыру мақсатындағы елді одан әрі жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды. Қазақ дипломаты сұхбаттасын Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысындағы сөйлеген сөзінің және «Turkistan» газетіне берген сұхбатының негізгі мазмұнымен де таныстырды.
Король Виллем-Александр қазақстандық реформалар бағытына оң баға беріп, олардың Қазақстан мен оның азаматтарының игілігі үшін маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қазақ-нидерланд ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін, оның ішінде инновациялар мен жоғары технологиялар салаларында айтарлықтай әлеуеттің бар екені атап өтілді.
Нидерланд Қазақстанның Еуропадағы негізгі инвестициялық және сауда серіктестерінің бірі, ал іскер топтардың өзара қызығушылығы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, соның ішінде энергетика, логистика, су ресурстарын басқару, орнықты технологиялар және «жасыл» экономика салаларында қолайлы жағдайлар қалыптастыруда.