Вашингтон, 2026 жылғы 4 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың шақыруымен алғашқы маңызды минералдар жөніндегі конференцияға қатысты.
50-ден астам елдің өкілдері мен қазақстандық тау-кен компанияларының басшылары қатысқан іс-шарада АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс сөз сөйледі.
Іс-шара барысында маңызды пайдалы қазбалардың жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыру және нығайту, сондай-ақ оларды өндіру, өңдеу және логистика салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Отырыстың шеңберінде Е.Көшербаев қатысушыларды маңызды минералдар саласындағы Қазақстанның әлеуеті және елдің сенімді әрі тұрақты жаһандық жеткізу тізбектерін қалыптастыруға практикалық үлес қосуға дайындығы туралы хабардар етті. Ол Қазақстанның минералдық-шикізаттық ресурстарының ауқымды қорына, оларды өңдеу бойынша дамыған өнеркәсіптік базасына, заманауи инфрақұрылымына, тұрақты саяси жүйесіне және болжамды реттеуші ортаға ие екенін атап өтті.
Қазақстан Геологиялық қызметінің (USGS) тізбесіне енгізілген 60 маңызды минералдың 20-сы бойынша дайын өнім түрінде жеткізілімдерді қамтамасыз етуге қабілетті екені аталып өтті, бұл өнімдер әлемдік экономиканың стратегиялық салаларында жоғары сұранысқа ие.
Қазақстан мен АҚШ арасында маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыруға ерекше назар аударылды. Аталған құжат Мемлекет басшысының 2025 жылғы қарашада Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған және Орталық Азиядағы осындай форматтағы алғашқы келісім болып табылады. Меморандум Қазақстан аумағында өңдеу қуаттарын дамыту, технологиялар трансферті және қазақстандық өнімнің АҚШ нарығына қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.
Конференцияға G7 елдері мен Pax Silica бастамасына қатысушы мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары мен салалық құрылымдарының 30-дан астам басшылары, сондай-ақ жетекші халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты.