Қазақстан мен Франция стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін растады

Қазақстан мен Франция стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін растады

Парижде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі Континенттік Еуропа департаментінің директоры Брис Рокфейдің қатысуымен қазақ-француз саяси консультацияларының           11-ші раунды өтті.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелерінің кең ауқымын, сондай-ақ көпжақты өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын талқылады.

А.Исетов Қазақстан мен Франция арасындағы саяси диалогтың тұрақты әрі сенімді сипатқа ие екенін және оның мемлекеттер басшылары деңгейіндегі жүйелі байланыстар арқылы қолдау табуда екенін атап өтті.

Экономикалық бағыттағы мәселелерді талқылау барысында А.Исетов Францияның Қазақстанның жетекші еуропалық сауда-инвестициялық серіктестерінің бірі ретіндегі рөлін атап өтті. Францияның Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестиция көлемі шамамен 21 млрд АҚШ долларын құрайды. Француз компаниялары энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, орнықты даму және денсаулық сақтау сынды Қазақстан үшін басым салалардың дамуына елеулі үлес қосуда.

Гуманитарлық салада білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік расталды.

Тараптар көпжақты күн тәртібіндегі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне қатысты ұстанымдардың сәйкестігін, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарына бейілділікті атап өтті.

Экологиялық және климаттық күн тәртібі аясында қазақ тарапы 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Қазақстанда өтетін БҰҰ-ның Өңірлік экологиялық саммитіне қатысты француздық серіктестердің белсенді ұстаным білідіретіндіктеріне үміт білдірді. Француз делегациясының қатысуы 2024 жылғы желтоқсанда Эр-Рияд қаласында Қазақстан мен Франция президенттерінің төрағалығымен өткен One Water Summit бастамасының логикалық жалғасы болмақ.

Өз кезегінде Б.Рокфей Францияның Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін тағы да растай отырып, мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асырудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар А.Исетов Парижге сапары аясында Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігі Саяси және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бас директоры Фредерик Мондолонимен кездесті. Оның барысында екіжақты, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер талқыланды.