
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қызылорда облысының Өңірлік инвестициялық штабының (ӨИШ) отырысына қатысты.
Іс-шараны облыс әкімдігі ұйымдастырып, оған ҚР Президенті Әкімшілігінің, Бас прокуратураның және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды.
«Бүгін Қазақстан экономикалық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Капитал үшін жаһандық бәсекелестік күшейген қазіргі жағдайда біз инвестициялар тартуда пассивті күтуден проактивті модельге көшеміз», – деп атап өтті Ә.Қуантыров өз сөзінде.
Ол мемлекет басшысы өңірлерге елдің экономикалық өсуі мен әртараптандыруының негізгі қозғаушы күші ретінде айрықша рөл жүктейтінін атап өтіп, ӨИШ-тердің Қазақстанның жаңа инвестициялық саясатын іске асырудағы маңызды тетік болып саналатынын айтты.
Қызылорда облысының алғашқы өңірлердің қатарынан таңдалуы да кездейсоқ емес – соңғы жылдары өңір ірі жобаларды іске асыру үшін отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, серпінді дамуды көрсетіп келеді. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Соңғы үш жылда өңірге шамамен 2 трлн теңге инвестиция тартылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 27 маңызды инвестициялық жоба іске асырылып, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 775 млрд теңгені құрады, бұл жылдық жоспардың 22,7 пайызға артығымен орындалуын қамтамасыз етті.
Сапар аясында Ә.Қуантыров отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар нысандарды аралады.
Атап айтқанда, түркиялық «Aksa Energy» компаниясы салып жатқан қуаттылығы 240 МВт және жылу энергиясын өндіру көлемі 277 Гкал болатын бу-газ жылу электр станциясының құрылысы. Жобаның жалпы құны 215 млрд теңгені құрайды. Нысан жобалық қуатқа шыққаннан кейін Қызылорда облысының электр энергиясына деген қажеттілігі толықтай қамтамасыз етіліп, өңір импорттаушыдан экспорттаушыға айналады. Сонымен қатар министрдің орынбасары «Қызылорда-Нан» ЖШС-нің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік кешенінде, сондай-ақ түркиялық «Orhun Medical» компаниясының медициналық орталығында болды.
Сапар барысында Ә.Қуантыров Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті. Кездесу барысында инвестициялар тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шаралардың қорытындысы бойынша инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөнінде орталық және өңірлік мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың алдағы бағыттары айқындалып, Қызылорда облысында жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігі расталды.