Астана, 2026 жылғы 21 қаңтар – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары (БҰҰ БЖК) басқармасының Орталық Азиядағы өкілінің жаңадан тағайындалған басшысы Махир Сафарлимен кездесті.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда БҰҰ Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын ашу бастамасы талқыланды. 2025 жылғы сәуірі айынан бастап Қазақстан төрағалық етіп келе жатқан Алматы процесін дамытуға ерекше назар аударылды.
БҰҰ өкілі Қазақстан тарапына сындарлы серіктестік пен ашық диалог үшін алғыс білдірді. Кездесуге қатысушылар көпжақты ынтымақтастықты нығайту мен тұрақты дамуды ілгерілету, сондай-ақ өңірлік және жаһандық деңгейде гуманитарлық және көші-қон мәселелерінің толыққанды шешімдерін табуда күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
2013 жылы құрылған Алматы процесі – Орталық Азияны қамтитын босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон бойынша өңірлік консультативтік платформа бола отырып, озық тәжірибелермен алмасу және көші-қон үрдістерін бақылау тетіктерін әзірлеуге ықпал етеді. 2025-2027 жылдар аралығындағы төрағалық Әзербайжаннан Қазақстанға ауысты. Қатысушы мемлекеттер Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркия. ХКҰ және БҰҰ БЖК Алматы процесінің хатшылығы қызметін атқарады.