Астана, 2026 жылғы 19 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Orascom Investment Holding» компаниясының төрағасы Нагиб Савириспен кездесу өткізді.
Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын, оның ішінде тау-кен және металлургия, қаржы, туризм салалары мен даму бағыттарын қамтитын мәселелерді талқылады. Қазақстанның жаһандық қосылған құн тізбектеріне интеграциялану және халықаралық тәжірибесі бар стратегиялық жеке инвесторларды тарту жөніндегі күш-жігеріне ерекше назар аударылды.
Сыртқы саяси ведомствоның басшысы Қазақстанның ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды ел екенін атап өтті. Инвесторлармен сенімді әрі тұрақты диалог орнату – елдің инвестициялық саясатының ажырамас бөлігі. Жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетілетін болмақ.
Н.Савирис Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығын, ресурстық әлеуетін және Орталық Азиядағы өңірлік инвестициялық хаб ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Ол шешім қабылдайтын тұлғалармен тікелей диалогтың маңыздылығын ерекше атап өтіп, жобаларды әрі қарай зерделеуге және қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ тараптар перспективалы жобалар, оның ішінде қаржы секторына инвестициялар тарту мәселелері бойынша пікір алмасып, ынтымақтастықты жаңа бағыттарда кеңейтуге өзара мүдделілікті растады.
Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асыру және өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмылдыруға дайын екенін білдірді.
Нагиб Савирис – 28-ден астам елде қызмет ететін «Orascom Telecom» компаниясының негізін қалаушы тұлға. Қазіргі уақытта Н.Савиристің басқаруында «Orascom Investment Holding», «La Mancha Holding» (тау-кен және металлургия кешені) және «Ora Developers» (жылжымайтын мүлік пен туризм) арқылы әртараптандырылған жаһандық инвестициялық портфельдер бар.