Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың Қара теңіздегі мұнай танкерлермен байланысты оқиғалар жөніндегі мәлімдемесі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың Қара теңіздегі мұнай танкерлермен байланысты оқиғалар жөніндегі мәлімдемесі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ү.ж. 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіреді.

Осы орайда бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік.

Қазақстан Республикасының қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы болып табылмайтынын, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын әрі энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтеміз. Осыған байланысты аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін атап көрсетеміз.

Соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтеміз және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз.