«Xinjiang Lihua» Қазақстандағы инвестиция көлемін 600 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтады

«Xinjiang Lihua» Қазақстандағы инвестиция көлемін 600 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтады

Астана, 2025 жылғы 30 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Сюй Цземен кездесті.

Тараптар Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырудың қазіргі жағдайын, сондай-ақ оны кеңейту жоспарларын талқылады. Жоба мақта өсіру мен бастапқы қайта өңдеуді, иірімжіп пен тоқыма өнімдерін шығаруды, тамшылатып суару жүйелерін және ілеспе материалдарды өндіруді қамтитын, 10-ға дейін өндіріс нысандарын біріктіретін толық циклді қалыптастыруды көздейді.

Бастапқыда жобаның инвестиция көлемі 450 млн АҚШ доллары деңгейінде бағаланған болатын, алайда кездесу барысында өндірістік бағдарламаны кеңейту және қуаттарды ауқымдандыруға байланысты салымдардың жалпы көлемін 600 млн АҚШ долларына дейін ұлғайту ниеті расталды.

Қазіргі таңда жоба аясында «TURAN» АЭА аумағында ПВХ құбырларын өндіретін зауыт пайдалануға берілді, иіру кәсіпорнында жабдықтарды монтаждау аяқталуға жақын, мақта тазалау бойынша екі зауыт жұмыс істеп тұр, сондай-ақ тамшылатып суару ленталарын өндіруде жабдықтарды орнату жүргізілуде. Барлық объектілерді толық іске қосу 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Кластерді іске асыру 4 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және өңірде жергіліктендіру деңгейі жоғары тұрақты индустриялық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ә.Қуантыров «Xinjiang Lihua» жобасының ұлттық өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және «Made in Kazakhstan» брендімен өнімді ілгерілету үшін маңызды екеніне тоқталды. «Біз үшін инвестиция тартумен қатар, ел ішінде жоғары қосылған құны бар толыққанды өндірістік тізбектерді қалыптастыру аса маңызды. Осындай ауқымды жобалар «Made in Kazakhstan» брендімен бәсекеге қабілетті өнім шығаруға негіз қалыптастырады, экспорттық әлеуетті нығайтады және өңірлердің дамуына ықпал етеді. Мемлекет барлық объектілердің уақтылы іске қосылуына мүдделі және инвесторға қажетті қолдау көрсететін болады», – деп мәлімдеді ҚР СІМ басшысының орынбасары.

Компанияның жоспарларына пікір білдірген С.Цзе инвестиция көлемінің ұлғаюы инвестордың Қазақстандағы ұзақ мерзімді ниетін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, компания Қазақстанды экспорттық әлеуеті бар өндірісті дамыту үшін негізгі алаң ретінде қарастыра отырып, жобаны кеңейту және жалпы инвестиция көлемін 600 млн АҚШ долларына дейін арттыру туралы шешім қабылдады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Kazakh Invest»-пен салалық мемлекеттік органдардың сүйемелдеуімен өндірістік қуаттарды синхронды түрде іске қосуға және жобаны белгіленген мерзімдерде тиімді іске асыруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екендіктерін растады.