Астана, 2025 жылғы 19 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Тәжікстан Республикасының Елшісі Хайрулло Ибодзоданы қабылдады.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-тәжік өзара іс-қимылының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Тараптар 2025 жыл үкіметтік, парламентаралық және ведомствоаралық деңгейлерде практикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды кезеңі болғанын атап өтті.
Өңірлік және халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселесіне ерекше назар аударылып, оның ішінде тараптардың бастамаларына өзара қолдау көрсетуді жалғастыруға дайындық білдірілді.
Сұхбат соңында тараптар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық қатынастардың жоғары деңгейін, сондай-ақ қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі нығайтуға берік бейілділігін растады.