Томотерапияны дамыту мәселелері инвесторлардың назарында

Томотерапияны дамыту мәселелері инвесторлардың назарында

Астана, 2025 жылғы 19 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлибек Қуантыров пен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова «Үміт» халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы» және «Orhun Medical» жеке шаруашылық серіктестіктері басшылығымен кездесті.

Кездесу барысында томотерапия қызметтерін көрсету мәселелері мен қаржыландыру механизмдері талқыланды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ә.Рүстемова тарифтер мен медициналық қызметтер бойынша Министрліктің ұстанымдары туралы мәлімет берді.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Қуантыров денсаулық сақтау саласын инвестициялар үшін басым бағыт деп атап, инвесторларды қолдауға арналған шараларды жеткізді.

Тараптар проблемалық мәселелерді шешуге мүдделі екендіктерін растай отырып, аталған бағытты тұрақты дамыту мен жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін шешімдерді бірлесе әзірлеуді жалғастыру туралы уағадаластыққа қол жеткізді.

2019 жылы жеке инвестициялар есебінен құрылған «Үміт» халықаралық томотерапия онкологиялық орталығы» ЖШС томотерапияны қолдану арқылы онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеуге маманданған. «Orhun Medical» ЖШС еліміздің барлық аумағында медициналық жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында ПЭТ-КТ орталықтары, циклотрондық кешен, ОФЭКТ/КТ және тераностика орталығы, сондай-ақ Алматы қаласында көпбейінді аурухана салу жобасы бар.