Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзара іс-қимылды нығайтуда

Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзара іс-қимылды нығайтуда

Астана, 2025 жылғы 10 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті.

Кездесуге ұйымның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла және Алматы қаласында медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі географиялық қашықтықта орналасқан кеңсесінің басшысы Мелита Якаб қатысты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі бағыттары бойынша қол жеткізген нәтижелерін талқылады. Атап айтқанда, елімізде инфекциялық емес аурулардың 25%-ға төмендеуі, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығының 75,4 жасқа дейін артуы, сондай-ақ ана мен бала өлім-жітімінің азаюы бойынша оң серпін байқалып отырғаны аталып өтті.

Сонымен қатар алдағы сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында аталған ұйыммен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

Е.Ашықбаев денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық қызметкерлердің халықаралық ұйымдардағы өкілдігін арттыру және олардың ДДСҰ жүйесінде кәсіби өсуін ілгерілетудің маңыздылығына тоқталды.

Бұл ретте, ұйым өкілдері Қазақстанда медицина қызметкерлеріне арналған кәсіби даярлық және оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Сонымен бірге ұйым тарапы медициналық-санитарлық алғашқы көмек бағыты бойынша көптеген елдердің Қазақстанның тәжірибесі мен жетістіктерін оң үлгі ретінде атап өтетінін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медициналық қызметтердің сапасын арттыру, олардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындықтарын растады.