Астана, 2025 жылғы 10 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек «Zhongyoung Power (Yunxi) Group Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Ли Цзяньцзянмен кездесті. Кездесу барысында қытай тарапы Қазақстанның электр энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға инвестор ретінде қатысуға мүдделілік танытты.
Қытайлық компания «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына қатысуға ниет білдірді. Бұл бағдарлама аясында жөндеуді, жаңартуды және қайта құруды қажет ететін нысандардың кең тізімі айқындалған. Ли Цзяньцзян атап өткендей, «Zhongyoung Power» компаниясы мемлекеттік-жекешелік серіктестік (МЖС) және тарифтік модель арқылы инвестицияны қайтару сияқты халықаралық тәжірибеде қолданылатын қаржыландыру тетіктерін қарастыруға дайын. Сонымен қатар ол жобаларды іске асыру кезінде Қазақстанда өндірілген жабдықтар мен трансформаторларды пайдалануға ниетті екенін айтты.
Тараптар компанияны қосалқы станцияларды жаңғырту, ескі жабдықтарды ауыстыру, жаңа трансформаторлық қуаттар салу және орта және жоғары кернеулі желілерге заманауи шешімдерді енгізу бағыттарына тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында Ә.Қуантыров Қазақстан үшін энергетика секторын жаңғырту стратегиялық басымдық болып саналатынын атап өтті және бұл үдеріс халықаралық тәжірибесі бар сенімді технологиялық серіктестерді тартуды талап ететінін айтты. Ол қолданыстағы заңнама шеңберінде МЖС және тарифтік тетіктерді қолдану мүмкін екенін атап өтті. Сонымен бірге министрдің орынбасары компанияға жабдықтардың бір бөлігін Қазақстанда өндіруді локализациялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды және энергетика саласындағы ұзақ мерзімді жобалар кезінде жергілікті кәсіпорындармен кооперацияның әлеуетін атап өтті.
Өз кезегінде М.Сұлтанбек мемлекеттік қолдау құралдары және энергия желілерін жаңғыртудың ұлттық және өңірлік бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Ол Қазақстанның электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, энергия тиімділігін жоғарылатуға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Тараптар өндірісті локализациялау мен жобалардың техникалық параметрлерін бағалауды қоса алғанда, ықтимал ынтымақтастық нысандарын егжей-тегжейлі талқылауды жалғастыруға уағдаласты. Сондай-ақ қытай делегациясы үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен жеке кездесу ұйымдастырылып, онда салалық талаптар, инфрақұрылымдық қажеттіліктер және энергетика секторындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
«Zhongyoung Power» – Қытайдағы үш ірі электр жабдықтарын өндіруші компанияның бірі, ол қуатты трансформаторлар мен энергия жүйелеріне арналған кешенді шешімдерді әзірлейді. Компания Шығыс Еуропа елдерінде энергетикалық нысандарды жаңарту мен қайта құруда үлкен тәжірибе жинақтаған және қосалқы станцияларды, трансформаторлық қуаттарды және электр тарату жүйелерін жаңғырту жобаларын іске асырады. «Zhongyoung Power» жобаларды жабдық өндіруден бастап EPC-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді пайдалануға дейін толық цикл бойынша жүзеге асырады.