Астана, 2025 жылғы 10 желтоқсан – Канадалық тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Канаданың Сыртқы істер министрі Анита Анандпен телефон арқылы сөйлесті.
Е.Көшербаев мүмкіндікті пайдалана отырып, Канаданы «Үлкен жетілік» (G7) тобында табысты төрағалық етуімен құттықтады. Ол екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, тауар айналымының қарқынын, сондай-ақ канадалық «Cameco», «Ivanhoe», «Teck Resources», «First Quantum Minerals» және «B2Gold» компанияларымен бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде А.Ананд канадалық тараптың сауда-экономикалық, энергетикалық, инвестициялық, инновациялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті, сондай-ақ жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогты және өзара сапарларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Министрлер халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері және көпжақты форматтардағы өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары бойынша да «сағаттарды теңестірді».