Мазмұны:
2025 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас төрағалығымен «Қазақстан – Еуропалық одақ» ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы өтті. Тараптар энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, визалық режимді жеңілдету, сондай-ақ стратегиялық маңызды шикізатты өндіру және пайдалану саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасты.
Отырыс барысында визалық режимді жеңілдету және Реадмиссия жөніндегі келісімдер бойынша келіссөздердің басталғаны жарияланды. Бұл – Қазақстан мен ЕО арасындағы жоғары деңгейдегі сенімділікті көрсететін, Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанының 10 жылдығымен тұспа-тұс келген маңызды қадам.
Келесі күні, 2 желтоқсанда Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Еуропалық комиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі бас директораты бас директорының орынбасары Йоханнес Лухнердің тең төрағалығымен ресми келіссөздердің бірінші раунды өтті. Тараптар өз тәсілдерін таныстырып, негізгі бағыттарды келісіп, заманауи құқықтық база қалыптастыруға дайын екендігін растады. Бұл база екіжақты сапарларды жеңілдетуге, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге және халықтар арасындағы жақындастықты нығайтуға бағытталады.
Келіссөздердің келесі раунды 2026 жылы Астанада өткізіледі.
2025 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Швейцарияға ресми сапары өтті.
Сапар бағдарламасы Швейцария Вице-президенті, Экономикалық қатынастар, білім және зерттеулер жөніндегі федералдық департаментінің басшысы Ги Пармеланмен және Швейцарияның Федералдық кеңесшісі, Сыртқы істер жөніндегі федералдық департаментінің басшысы Иньяцио Кассиспен кездесулерді қамтыды.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағына айрықша назар аударылды. Соңғы 20 жылда Швейцарияның Қазақстан экономикасына салған инвестициялары 35,8 млрд АҚШ долларына жетті, ал 2025 жылдың алғашқы он айында тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларын құрады.
Тараптар сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және көпжақты күн тәртібіндегі негізгі аспектілерді, соның ішінде 2026 жылы Швейцарияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында төрағалығы мәселесін талқылады.
Сапар аясында Қазақстан СІМ басшысының ірі швейцариялық компаниялар жетекшілерімен кездесулері өтті. Инфрақұрылымды жаңғырту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан делегациясы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың басшылығымен 2025 жылғы 4-5 желтоқсанда Венада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-отырысына қатысты.
Отырыс барысында еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікке қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Ұйымның үш өлшемі – саяси-әскери, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттар бойынша қызметі қарастырылды.
Сыртқы істер министрлері кеңесі алаңдарында министр Нидерланд, Кипр, Аустрия, Германия, Грекия, Грузия және Украина сыртқы істер министрлерімен, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Феридун Синирлиоглу, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) директоры Мария Телалиан, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Ян Брату және Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Кристофор Камппен кездесулер өткізді.
2025 жылғы 5 желтоқсанда Парижде Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Франция Республикасының Сыртқы сауда және тартымдылық жөніндегі министр-делегаты Николя Форисье тең төрағалығымен Қазақстан-Франция экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 16-отырысы өтті.
Тараптар экономикалық ынтымақтастықтың екіжақты серіктестіктің негізгі бағыты ретіндегі маңыздылығын растап, энергетикалық транзит, инновациялар, көлік және логистика, цифрландыру, өнеркәсіптік кооперация және орнықты даму мәселелеріне ерекше назар аударды.
Парижде Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің «Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және француз компанияларымен ынтымақтастық» тақырыбындағы 14-отырысы, сондай-ақ стратегиялық минералдар мен металдар бойынша дөңгелек үстел өтті. Іскер топтар нақты жобаларды талқылады.
2025 жылғы 5-14 желтоқсан аралығында Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі Арнайы өкілі Еркін Тұқымов Ауғанстанда жұмыс сапарымен жүр. Сапар Астана мен Кабул арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылауға және алдағы жоғары деңгейдегі сапарларға дайындыққа бағытталған.
Бағдарлама аясында Ауған үкіметінің өкілдерімен екіжақты өзара іс-қимыл, өңірлік тұрақтылық және көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мәселелері бойынша келіссөздер өткізу жоспарланған. Сондай-ақ Балх және Қандағар провинцияларының басшылығымен өңірлік ынтымақтастықтың практикалық аспектілері қарастырылады.
2025 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ватиканға жұмыс сапарымен барады.
Сапар барысында Рим Папасы Лев XIV-те аудиенция болады, дінаралық диалог жөніндегі тақырыптық дөңгелек үстелге қатысады, оған қоса Дінаралық диалог жөніндегі дикастерия префектісі Джордж Джейкоб Кувакадпен кездесу және Папа Францисктің қабіріне гүл қою рәсімі жоспарланған.
Сонымен қатар екіжақты қатынастар тарихындағы алғаш рет Мальта Орденінің Ұлы Магистрі Фра’ Джон Данлоппен кездесу өтеді.
Сапар қорытындысы бойынша Ватиканмен және Мальта Орденімен гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою жоспарлануда.
2025 жылғы 10-11 желтоқсанда Астанаға Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан ресми сапармен келеді. Сапар барысында жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізу жоспарланған, оның барысында тараптар қазақ-иран ынтымақтастығын одан әрі нығайту жолдарын талқылайды. Негізгі назар сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, көлік-логистикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуды тереңдетуге бөлінеді. Сапар Қазақстан мен Иран арасындағы стратегиялық диалогты арттыруға және екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған.
Иран – Каспий жағалауындағы Қазақстанның жақын және тату көршілерінің, сондай-ақ Орта Шығыстағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі. Иранмен тату көршілестік қатынастарды дамыту – еліміздің сыртқы саясатының түйінді басымдықтарының бірі. Қазақстан Иранды маңызды және сенімді серіктес ретінде қарастырады. Екіжақты қатынас берік достыққа, өзара құрметке және тең құқықтылыққа негізделген.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Иран арасындағы серіктестік жаңа мазмұнмен толығып, халықтарымыздың игілігі үшін нақты нәтижеге бағытталған жұмыспен бекітілуде. Экономика және инвестиция бағыттарында да үміт берер қарқынды үрдістер байқалып отыр. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 340 млн АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 50 пайызға артты. Осы жылдың алғашқы 10 айында сауда-саттық көлемі 40 пайызға өсіп, 357 млн АҚШ долларынан асты.
Анықтама: 2024 ж. тауар айналымы – 340,1 млн доллары (экспорт – 123,4 млн, +48,5%; импорт – 216,6 млн, -1,4%). 2025 ж. қаңтар–қазан – 357,4 млн долл. (+39,5%), экспорт – 205,5 млн (+2,6 есе), импорт – 151,9 млн (-14,1%).