Қазақстан СІМ басшысы Аустрияның бизнес өкілдерімен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Қазақстан СІМ басшысы Аустрияның бизнес өкілдерімен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Вена, 2025 жылғы 5 желтоқсан – Аустрияға сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев елдің жетекші өнеркәсіптік және инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізді. Іс-шара машина жасау, көлік, жасыл металлургия, инновациялар және жоғары технологиялар салаларында жұмыс істейтін аустриялық компанияларды біріктірді.

Кездесуге «ÖBB», «Lasselsberger Group», «Primetals Technologies Austria GmbH», «AVL List GmbH», «Steyr Automotive», «Rosenbauer International», «Magnatech GmbH» сияқты Аустрияның өнеркәсіптік әрі технологиялық бейнесін айқындайтын компаниялардың өкілдері қатысты.

Министр инвесторларға Қазақстан экономикасындағы негізгі үрдістер туралы ақпарат беріп, Аустрияның сенімді еуропалық серіктес ретіндегі орнын атап өтті. Бүгінде Қазақстанда «Lasselsberger Group», «Liebherr», «Andritz Hydro», «Swarovski» секілді брендтерді қоса алғанда, аустриялық қатысуы бар шамамен 170 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Қазақстан Аустрия үшін мұнай импортының негізгі бағыттарының бірі – елдің мұнай жеткізілімдерінің 40%-дан астамы қазақстандық үлеске тиесілі.

Келіссөздер барысында тараптар машина жасау, жасыл металлургия, көлік жүйелерін жаңғырту, шикізатты қайта өңдеу және зияткерлік технологияларды енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Ауыл шаруашылығы өнімі, металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау және IT-қызметтер бойынша Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейту мәселелеріне де назар аударылды.

Сонымен қатар аустриялық компанияларға өндірістерді орналастыру, технологияларды локализациялау және Орталық Азия нарықтарына қол жеткізуді кеңейту бағытында жаңа мүмкіндіктер ұсынылды.

«Аустрия бизнесі Қазақстанға жоғары сенім білдіріп келеді. Біздің ынтымақтастығымыз технологиялық даму, ұзақмерзімділік және ортақ прогреске деген ұмтылысқа негізделген. Қазақстан тұрақты макроэкономикалық орта, өңірлік нарықтарға шығу және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай ұсынады. Аустриялық компанияларды өз қызметін кеңейтіп, жаңа бастамаларға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді Қазақстан СІМ басшысы.

Е.Көшербаев Қазақстанның тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша өңірлік көшбасшылығын атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 470 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салынғаны – халықаралық серіктестердің тұрақты қызығушылығы мен сенімінің дәлелі.

Тараптар инвестициялық және индустриялық жобаларды одан әрі егжей-тегжейлі пысықтап, екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен бизнес топтары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты.