
Вена, 2025 жылғы 5 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Аустрияға ресми сапары аясында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкұлов Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылау мақсатында австриялық өнеркәсіптік және технологиялық компаниялармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында «Primetals Technologies Austria GmbH» компаниясымен келіссөздер өтті. Бұл – «Primetals Technologies» халықаралық корпорациясының ең ірі бөлімшесі, ол экологиялық таза болат өндіру технологиялары, металлургиялық процестерді цифрландыру және автоматтандыру саласында маманданған. Компания жылдық айналымы 750 млн еуродан астам ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі және инжиниринг, прокат технологиялары мен интеллектуалды өндірістік жүйелер саласында жетекші құзыреттерге ие. Бұған дейін компания «ERG» компаниясымен ірі металлургиялық жобаны іске асыру туралы келісімге қол қойған болатын. Осы ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында тараптар «Primetals Technologies» компаниясының Қазақстандағы жаңа индустриялық бастамаларға, соның ішінде «Qarmet» және басқа да кәсіпорындармен ықтимал серіктестікке қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен қатар Ғ.Оспанкұлов «Magnatech GmbH» басшылығымен кездесті. Бұл компанияның металлургия және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы жобаларды іске асыруда 30 жылдан астам тәжірибесі бар. «Magnatech» қышқылдарды регенерациялау технологиялары, энергия үнемдейтін шешімдер, өнеркәсіптік жабдықтарды жеткізу және толық циклді инжиниринг саласында маманданған. Компания АҚШ, Германия, Бразилия, Аустрия, Үндістан, Түркия және ТМД елдерінде зауыттар салу және жасыл энергетика технологияларын енгізу жобаларын іске асырған. Кездесу барысында тараптар Қазақстанда технологиялық шешімдерді жергіліктендіру, металлургияда экологиялық және ресурсты үнемдейтін технологияларды енгізу, өндірістерді жаңғырту және сервистік қолдау бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Сапар аясында сондай-ақ Қазақстан нарығына шығуға, өндірістік кооперацияны кеңейтуге және Орта дәліздің логистикалық мүмкіндіктерін дамытуға мүдделі бірқатар австриялық компаниялармен кездесулер өтті.
Комитет төрағасы атап өткендей, Қазақстан негізгі салалық жобаларда австриялық компаниялардың және технологиялық серіктестердің қатысуын кеңейтуге мүдделі: «Аустриялық компаниялар инженерлік салада жоғары құзыретке және индустриялық жобаларды іске асырудағы көпжылдық тәжірибеге ие. Қазақстан металлургия мен машина жасаудан бастап экологиялық технологиялар мен өнеркәсіпті жаңғыртуға дейін серіктестік үшін зор мүмкіндіктер ұсынады. Біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және бірлескен бастамаларды барлық кезеңде сүйемелдеуге дайынбыз», – деп атап өтті ол.
Тараптар алдағы бірлескен жобаларды әзірлеу бойынша практикалық қадамдарға көшуге келісті. Жақын арада өнеркәсіп пен металлургия салаларындағы бастамаларды жедел пысықтау үшін компаниялармен және салалық ведомстволармен қосымша консультациялар өткізу жоспарлануда.