Венада Орталық Азия және Солтүстік Еуропа елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті

Венада Орталық Азия және Солтүстік Еуропа елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті

Вена, 2025 жылғы 4 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында өткен Орталық Азия және Солтүстік Еуропа елдері сыртқы саяси ведомстволар басшыларының кездесуіне қатысты.

Өңірлік іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Дания, Исландия, Норвегия, Финляндия және Швеция өкілдері қатысты.

Тараптар Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа елдері арасындағы экономика, экология, көлік-логистика, білім, инновация салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін және өңірлік серіктестікті нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Е.Көшербаев өз сөзінде Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны тереңдету мәселесіне тоқталып, Солтүстік Еуропа елдерімен екіжақты және өңірлік деңгейдегі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту әлеуетіне назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Солтүстік Еуропа» диалогын одан әрі дамытуға дайындық расталып, тұрақты байланыстар мен ортақ мүдделерге сәйкес негізгі бағыттар бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығы аталып өтті. Қазақстан орнықты даму мен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бірлескен күш-жігердің маңызын атап, серіктестікті нығайтуға бейілді екенін білдірді.