Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Қазақстан СІМ басшысы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Вена, 2025 жылғы 4 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші отырысы аясында Нидерланд Корольдігі, Кипр Республикасы, Аустрия Республикасы, Германия Федеративтік Республикасы, Грекия Республикасы мен Грузияның сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары, саяси диалогты қолдау, сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейту, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Нидерланд Сыртқы істер министрі Давид Ван Веелмен кездесу Қазақстан мен Нидерланд арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті нығайту жолдарын қарастыруға және жаңа әлеуетті бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді. Екі ел сыртқы істер министрлері барлық деңгейдегі саяси диалог пен екіжақты байланыстарды дамытуға өзара мүддені растады.

Кипр сыртқы саяси ведомствосының басшысы Константинос Комбоспен қазақ-кипр саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының қазіргі күйі мен келешегі талқыланды. Тараптар сындарлы диалогты жалғастырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара бейілділікті растады.

Аустрияның Еуропа және халықаралық істер федералдық министрі Беате Майнль-Райзингермен кездесуде қазақ-аустрия қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен келешегі, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Екіжақты диалог пен экономикалық ынтымақтастықты Үкіметаралық комиссия мен Іскер кеңес арқылы ілгерілетудің маңыздылығы аталып өтті.

Германия Федералдық сыртқы істер министрі Йоханн Вадефулмен кездесу барысында тараптар сімаралық консультациялардың нәтижелерін жоғары бағалап, қазақ-герман жан-жақты байланыстарының зор болашағын атап өтті. Министрлер тұрақты байланысты қолдап, ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытып, Астана мен Берлин арасындағы барлық саладағы ықпалдастықты тереңдетуге келісті.

Грекия Сыртқы істер министрі Георгиос Герапетритиспен өткен келіссөздер барысында тараптар қазақ-грек қатынастарының қазіргі жағдайын мен оларды тереңдету әлеуетін талқылады. Саяси саладағы өзара іс-қимылдың динамикасына, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы серіктестікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Грузия Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланып, саяси диалогты тереңдетуге, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бейілділік расталды. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі өзара іс-қимылды кеңейту және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру бойынша бірлескен шараларға баса назар аударылды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары жан-жақты серіктестікті одан әрі дамытуға, ведомствоаралық байланыстарды нығайтуға және халықаралық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ортақ көзқарастарды ілгерілетуге ниетті екенін білдірді.