Вена, 2025 жылғы 3 желтоқсан – Венаға сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гроссимен кездесу өткізді.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы еліміздің ұлттық атом саласын дамыту және атом электр станцияларын салу жөніндегі жоспарларымен таныстырып, көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі стратегиялық міндеттің өзектілігін атап өтті. Е.Көшербаев АЭХА-мен серіктестік, соның ішінде шарттық-құқықтық базаны кеңейту Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін айтып, Агенттіктің жаһандық қауіпсіздік архитектурасын қолдаудағы және халықаралық таратпау режимін нығайтудағы маңызды рөліне назар аударды.
Министр Қазақстанмен өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша көрсетіліп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін АЭХА басшысына алғыс білдіріп, кадрлық әлеуетті дамыту және Агенттік құрылымдарында қазақстандық мамандардың өкілдігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Қазақ дипломаты АЭХА шеңберінде мүше мемлекеттердің егемендік теңдігін қалпына келтіру мәселелері бойынша күн тәртібін ілгерілетудегі Қазақстанның елеулі үлесін де атап өтті.
Р.Гросси атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстанның маңызды үлесін және АЭС салу жоспарлары мен ядролық медицинаны дамытудан Өскемен қаласындағы АЭХА төмен байытылған уран банкінің табысты қызметіне дейінгі бастамаларын айрықша атап өтті. Ол АЭС салу жобасын іске асырудың барлық кезеңдерінде Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, ынтымақтастықтың басқа да негізгі бағыттарын қамтитын өзара іс-қимыл жөніндегі жол картасын әзірлеуді және қол қоюды ұсынды.
Қазақстанда АЭХА техникалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан онкологиялық ауруларды емдеуге арналған инновациялық ядролық технологияларды дамыту, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, сондай-ақ бұрынғы Семей полигоны аумағын қалпына келтіру бойынша жобалар жоғары бағаланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен АЭХА көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге өзара мүдделілік пен дайындықты растады.