Брюссель, 2025 жылғы 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың төрағалығымен «Қазақстан – Еуропалық одақ» ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы өтті.
Іс-шараның маңыздылығы Қазақстан мен Еуропалық одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының 10 жылдығына орай өткізілуімен ерекше айшықталды.
Тараптар Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық серіктестіктің он жылдық нәтижелерін қорытындылап, оның болашақтағы дамуы жөніндегі көзқарастарымен бөлісті.
Экономикалық байланыстар ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші болып қала беретіні расталды. Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі мәртебесін сақтап отыр. 2024 жылы өзара тауар айналымы 50 млрд АҚШ долларына жақындады, ал еуропалық инвестициялардың жалпы ағыны 200 млрд АҚШ долларына жетті. Елде еуропалық қатысуы бар 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Қазақ тарапы сауданы одан әрі әртараптандыруға дайын екенін білдіріп, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ЕО нарығына қол жеткізуін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Ерекше назар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын («Орта дәліз») дамыту мәселесіне аударылды. Ғаламдық жеткізу тізбектерінің трансформациясын ескере отырып, тараптар бұл бағыттың Еуропа мен Азия арасындағы сенімді әрі тұрақты көлік дәлізі ретіндегі стратегиялық маңызын растады. Қазақстан бұл коридорды одан әрі дамыту үшін ЕО және өңірлік серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Жеке бағыт ретінде «жасыл» және цифрлық трансформация саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Тараптар бұл бағыттың Қазақстан экономикасының жаңғыртылуына және Еуропаның өнеркәсіптік тұрақтылығына бірдей үлес қосатын перспективалы сала екенін атап өтті.
Отырысқа қатысушылар парламенттік ынтымақтастықтың маңызын да атап өтіп, қараша айында Брюссельде өткен «ҚР – ЕО» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 22-ші отырысының табысты өткенін жоғары бағалады.
Адамдар арасындағы байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Тараптар 2 желтоқсанда Брюссельде ҚР азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді бастауды құптады. Бұл қадам гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, студенттер, ғалымдар мен кәсіби мамандар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, сондай-ақ азаматтардың мобильдігін арттыруға елеулі үлес қосады.
Өңіраралық ынтымақтастық тұрғысынан 2025 жылғы сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – ЕО» алғашқы саммитінде қабылданған тарихи шешім ерекше аталып өтті. Оның нәтижесінде бұл формат ресми түрде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
Отырыс барысында делегация басшылары Қазақстан мен Еуропалық одақтың кемелденген, орнықты және болашаққа бағытталған серіктестік құра алғанын атап өтті. 29 негізгі өзара іс-қимыл бағытын қамтитын Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім осы жылдар ішінде өз тиімділігі мен өзектілігін көрсетіп, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтудың берік негізіне айналды.
Кездесу соңында Е.Көшербаев пен К.Каллас саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда мен инвестицияларды дамытуға, өңірлік өзара байланыстылықты арттыруға және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бейілді екенін растады.