Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы экономикалық серіктестіктің перспективалары талқыланды

Брюссельде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы экономикалық серіктестіктің перспективалары талқыланды

Брюссель, 2025 жылғы 1 желтоқсан – Брюссельге сапар аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Еуропалық комиссияның Халықаралық серіктестік жөніндегі комиссары Йозеф Сикеламен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы экономикалық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ ЕО мен Орталық Азия арасындағы өңірлік өзара іс-қимылды талқылады.

Ерекше назар ағымдағы жылы сәуір айында Самарқандта және қараша айында Ташкентте өткен жоғары деңгейдегі іс-шаралардың қорытындыларына аударылды. Й.Сикела аталған кездесулер барысында қол жеткізілген негізгі келісімдер, оның ішінде логистика, цифрлық инфрақұрылым және Транскаспий халықаралық көлік бағдары («Орта дәліз») бойындағы порттық қуаттар мен автожолдарды жаңғырту жөніндегі жаңа өңірлік жобалардың іске қосылуы туралы хабардар етті.

Форумдарда ұсынылған бастамалар мультимодальды логистиканы дамытуға, көлік ағындарын жеделдетуге және осы бағыт бойындағы рәсімдерді цифрландыруға ықпал ететіні аталып өтті. Атап айтқанда, Ақтау портын жаңғыртуға 45 млн еуро, Қазақстандағы автожолдарды реконструкциялауға 150 млн еуро көлемінде инвестиция салу көзделген. Сұхбаттас Еуропалық одақ Қазақстанды өңірдің орнықты көлік архитектурасын қамтамасыз етудегі негізгі серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді.

Е.Көшербаев Өзбекстанда өткен экономикалық және инвестициялық форумдардың нәтижелерін құптап, Қазақстан қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға белсенді қатысуға ниетті екенін айтты.

«Қазақстан Еуропалық одақпен аса маңызды шикізат материалдар, көлік пен логистика, цифрлық инновациялар, ауыл шаруашылығы, білім және су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ерекше мән береді. Осы ретте 2 желтоқсанда Брюссельде ҚР азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздердің басталуын құптаймыз» – деп мәлімдеді Министр.

Сонымен қатар жобалардың орындалуын бақылау және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын анықтау үшін тұрақты диалогты қолдап отыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан СІМ басшысы мен Еурокомиссар саяси диалогты, экономикалық серіктестікті және Орталық Азия мен Еуропаның тұрақтылығы мен өркендеуіне ықпал ететін бастамаларды өзара қолдауды одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.