Астана, 2025 жылғы 28 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен онлайн форматта Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) Сыртқы істер министрлерінің 29-шы отырысы өтті.
Іс-шараға Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері мен өкілдері, ЭЫҰ мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшылары, сондай-ақ байқаушылар қатысты.
Отырыстың ЭЫҰ күнінде өтуі символикалық мәнге ие екенін атап өтіп, Қазақстан СІМ басшысы қатысушыларды осы айтулы сәтпен құттықтады.
Өз сөзінде Е.Көшербаев «Өңірлік көліктік байланысты және тұрақты дамуды ілгерілету» атты ұранымен өткен Қазақстанның ЭЫҰ-дағы төрағалығын қорытындылап, Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгіледі.
Сонымен қатар Министр сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру, экология салаларындағы Қазақстанның әлеуеті туралы айтып, ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттерді аталған бағыттардағы еліміздің мүмкіндіктерін бірлесіп игеруге шақырды.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ЭЫҰ Хатшылығының әкімшілік, қаржылық және кадрлық мәселелеріне қатысты маңызды шешімдерді қамтитын есеп бекітілді.