Қазақстан СІМ-де Дүниежүзілік балалар күніне арналған конференция өтті

Қазақстан СІМ-де Дүниежүзілік балалар күніне арналған конференция өтті

Астана, 2025 жылғы 20 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Дүниежүзілік балалар күніне орай, «Қазақстан – балалық шақ қорғалған мемлекет!» атты концеренция өтті.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, балалар мен жастар бірлестіктерінің, еріктілер қозғаласының өкілдері, сондай-ақ, Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілдері қатысты.

Өз кіріспе сөзінде, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова 1989 жылғы 20 қарашада БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы қабылданғанын атап өтті. Аталған құжат бүкіл әлем қауымдастығы үшін құқықтық бағдарға айналып, Қазақстан осы халықаралық стандартты алғашқылардың бірі болып қолдағанын және балалар құқықтарын қорғау тетіктерін жүйелі түрде нығайтып келетініне назар аударды.

Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бала құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән беретінін атап өтті. Атап айтқанда, 2024 жылы Балалар ұлттық қоры құрылды. Оның шеңберінде инвестициялық кірістің 50%-ы балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың жеке жинақ шоттарына жыл сайын бағытталады.

Сонымен қатар бұл салада Қазақстан ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық аренада да өз міндеттемелеріне берік екенін дәлелдеп келеді. Еліміз «Әрбір бала үшін бейбітшілік пен толеранттылық жолындағы сапалы білімді қамтамасыз ету» атты резолюцияның бастамашысы болып, құжат БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде бір ауыздан қабылданды.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілдігінің басшысының міндетін атқарушысы Рамиз Бехбудов Қазақстан мен ЮНИСЕФ арасындағы көп жылдық серіктестікті атап өтті. Оның айтуынша, Ұйымның жетекшілігімен елімізде ондаған бастамалар, зерттеулер мен бағдарламалар жүзеге асырылып, балалардың нақты қажеттіліктерін анықтауға және халықаралық стандарттарға сай шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беруде.

Конференция барысында БҰҰ Бала құқықтары комитетінің бұрынғы төрайымы, Халықаралық даму және әділдік орталығының президенті Рената Винтердің құттықтау сөзі де ұсынылды. Ол Қазақстанның балаларға арналған сот төрелігін дамытудағы және қақтығыстан кейінгі бағдарламаларды іске асырудағы маңызды үлесін атап өтті.

Судьялар, адвокаттар және медиаторлар – Гүлнар Абдиғалиева, Ләйла Зинашева, Жанаргүл Алпыспаева, Ира Жасқайрат және Ильвира Назырова, ювеналдық юстиция саласындағы практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, сот жүйесінде балаларды қорғау тетіктерін одан әрі күшейту қажеттігін жеткізді.

Конференцияның басты назарында балалардың өзі болды. Астананың білім беру ұйымдарының оқушылары, балалар мен жастар бірлестіктерінің және еріктілер қозғалыстарының белсенділері балалар ұйымдарының қоғамдағы рөлі жөніндегі өз көзқарастарымен бөлісіп, ересектерді оларға сенуден қорықпауға шақырды және шын мәнінде балаға қолайлы ел құру бойынша өз ұсыныстарын айтты – бұл елде олардың құқықтары, дауысы мен армандары маңызды орын алатынын жеткізді.

«Бақытты бала» қоғамдық қорына және «Ғылым және құқық» институтына көпжылдық жүйелі еңбегіне үшін ерекше алғыс білдірілді. Бұл ұйымдар балалар құқықтарын ілгерілету, құқықтық мәдениетті дамыту және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бағытында маңызды жұмыс жүргізіп келеді.

Жалпы, талқылау ашық және сындарлы форматта өтті. Ұйымдастырушылар балалардың дауысы естілгенін және конференция қорытындылары Қазақстанның бала құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатын жетілдіруге оң ықпал ететінін атап өтті.