Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 24 қараша

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 24 қараша

Мазмұны:

  1. Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Қиыр Шығыс өңірлік тобына қабылдануы туралы;
  2. Түрікменстан Президентінің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары туралы;
  3. Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілінің Қазақстан Республикасына сапары туралы;
  4. «Қазақстан-Мексика» Достық тобының алғашқы отырысы туралы;
  5. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы туралы;
  6. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 29-шы отырысы туралы;
  7. Швейцария Конфедерациясы Вице-президентінің жұмыс сапары және «Қазақстан-Швейцария» Іскерлік кеңесінің 5-ші отырысын өткізу туралы;
  8. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Қазақстан – Еуропалық Одақ Ынтымақтастық Кеңесінің 22-ші отырысына қатысуы туралы;
  9. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Швейцарияға ресми сапары туралы;
  10. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші кездесуіне қатысуы туралы.

 

  1. Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Қиыр Шығыс өңірлік тобына қабылдануы туралы

2025 жылғы 17-21 қарашада Вена қаласында (Аустрия) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Басқарушылар кеңесінің отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша, 2025 жылғы 21 қарашада Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Қиыр Шығыс өңірлік тобына қабылданғаны ресми түрде жарияланды.

Осы өңірлік топқа қосылу Қазақстанға Агенттіктің басшы органдарының жұмысына толық көлемде қатысуға мүмкіндік береді және еліміздің халықаралық ядролық саясатты қалыптастырудағы рөлін нығайтуға ықпал етеді.

Бұл шешім сондай-ақ Агенттіктің жарғысында бекітілген және Қазақстан бастамасымен 2023 жылғы 29 қыркүйектегі АЭХА GC(67)/RES/15 Бас конференциясының қарарымен расталған Агенттікке мүше мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидатын қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам.

  1. Түрікменстан Президентінің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары туралы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 24-25 қарашада Астанаға мемлекеттік сапармен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келеді.

Сапар бағдарламасында жоғары деңгейдегі келіссөздер көзделген, оның барысында тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын қарастырады. Сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, энергетика саласындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасулар мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.

Өңірлік қауіпсіздік пен халықаралық ұйымдардағы күш-жігерді үйлестірудің өзекті аспектілері талқыланады деп күтілуде. Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-түрікмен ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.

  1. Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілінің Қазақстан Республикасына сапары туралы

Бүгін, 2025 жылғы 24 қарашада Қазақстанға Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс ресми сапармен келді.

Сапар аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесулер өтті.

Тараптар саяси диалог, экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы өңірлік күн тәртібіне, оның ішінде интеграция, орнықты даму, бірлескен жобаларды кеңейту, сондай-ақ өңірдегі су ресурстарын басқару және қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты нығайту жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударылды.

  1. «Қазақстан-Мексика» Достық тобының алғашқы отырысы туралы

2025 жылғы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Мексика Құрама Штаттарының Бас Конгресінің депутаттар Палатасының достық тобының алғашқы отырысы онлайн режимде өтеді. Кездесуді өткізуге қазақ тарапы бастамашы болды.

Отырыс барысында Қазақстан және Мексика депутаттары бірлескен жұмыс жоспарының жобасын, парламентаралық өзара іс-қимыл тетіктерін, сондай-ақ өзара сапарлар мен алмасуларды ұйымдастыру перспективаларын талқылайды.

  1. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы туралы

2025 жылғы 27 қарашада Бішкек қаласында Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтеді.

Іс-шараға қазақ тарапынан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов және Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қатысады.

Отырыс барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, сондай-ақ сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметі бойынша пікір алмасу жоспарланған.

Қатысушылар ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында Мемлекет басшыларының қарауына енгізілетін бірқатар құжаттарды қабылдайды деп күтілуде.

  1. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 29-шы отырысы туралы

2025 жылғы 28 қарашада онлайн режимде Қазақстан Республикасының төрағалығымен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (Ұйым) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 29-шы отырысы өтеді.

Аталған отырысқа Ұйымға мүше мемлекеттер, бақылаушы елдер және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңес өкілдері қатысады. Отырыстың қорытындысы бойынша Ұйым төрағалығының тапсырылуы, Коммюникенің қабылдануы және Сыртқы істер министрлері кеңесінің есебінің бекітілуі жоспарланған.

Қазақстанның 2025 жылғы Ұйымға төрағалығы «Өңірлік көліктік байланысты және тұрақты дамуды ілгерілету» ұранымен өтуде.

  1. Швейцария Конфедерациясы Вице-президентінің жұмыс сапары және «Қазақстан-Швейцария» Іскерлік кеңесінің 5-ші отырысын өткізу туралы

2025 жылғы 28 қарашада Швейцария конфедерациясының Вице-президенті Ги Пармеланның «Қазақстан-Швейцария» Іскерлік кеңесінің 5-ші отырысына қатысуы шеңберінде жұмыс сапары өтеді.

Сапар аясында оның мемлекет басшылығымен кездесулері жоспарланған.

Іскерлік кеңес «Қазақстан темір жолы» АҚ және «Stadler Rail» төрағалығымен өтуде. Іс-шараға жетекші швейцариялық және қазақстандық компаниялар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысады. Тараптар экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын және бірлескен жобаларды іске асыруды талқылайды.

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Қазақстан – Еуропалық Одақ ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысына қатысуы туралы

2025 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан – Еуропалық Одақ ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысына қатысу үшін Брюссельге сапармен барады.

Отырыс барысында тараптар Қазақстанның Еуропалық Одақпен көпжоспарлы өзара іс-қимылына дәстүрлі жан-жақты шолу жүргізеді және 10 жыл бұрын қол қойылған Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің практикалық іске асырылуын талқылайды.

Екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына – энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, визалық режимді оңайлату, сондай-ақ сыни шикізат материалдарын өндіру мен пайдалануға ерекше назар аударылатын болады.

Отырыс шеңберінде екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері бойынша пікір алмасу және аталған салаларда бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі нақты практикалық қадамдарды қарау жоспарлануда.

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Швейцарияға ресми сапары туралы

2025 жылғы 2 желтоқсанда Швейцария тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары өтеді.

Сапар аясында Швейцарияның вице-президенті, Экономика, білім және зерттеулер федералды департаментінің басшысы Ги Пармеланмен, сондай-ақ Швейцарияның Сыртқы істер Федералды департаментінің басшысы Иньяцио Кассиспен келіссөздер жоспарланған.

Кездесулер барысында тараптар Қазақстан-Швейцария екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін қарастырады және 2026 жылы Швейцарияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында алдағы төрағалығы аясында көпжақты күн тәртібінің негізгі аспектілері бойынша пікір алмасады.

Сонымен қатар Швейцарияның жетекші іскер топтарының өкілдерімен кездесулер жоспарлануда.

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 32-ші кездесуіне қатысуы туралы

2025 жылғы 4-5 желтоқсанда Венадағы Хофбург сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің – ұйымның орталық директивалық және басқарушы органының 32-ші кездесуі өтеді.

Отырысқа Ұйымға мүше 57 мемлекеттің делегацияларының басшылары және ынтымақтастық жөніндегі 11 серіктесі қатысады. Кеңеске Қазақстан Республикасының атынан Сыртқы істер министр Ермек Көшербаев қатысады.

Кездесу барысында қатысушылар еуроатлантикалық және Еуразиялық өңірлердегі қауіпсіздіктің негізгі мәселелерін қарайды, сондай-ақ Ұйымның мандатының барлық бағыттары – саяси-әскери, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салалардағы қызметін талқылайды.

Қазақстанның күрделі геосаяси жағдай аясында кездесуге қатысуымыз еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына тұрақты қолдауын, еуропалық қауіпсіздіктің жалғыз жан-жақты институты және кең саяси диалог үшін бірегей алаң ретінде ұйымды сақтаудың маңыздылығын атап өтуге мүмкіндік береді.

Кездесу Хельсинки Қорытынды актісінің 50 жылдығына және Астана декларациясының 15 жылдығына ерекше мән береді.