Астана, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Армения Республикасының Қазақстандағы Елшісі Армен Гевондянды қабылдады.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-армян ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны дамыту келешегін талқылады.
Кездесу барысында Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Астанаға жасайтын алдағы алғашқы ресми сапарына дайындық мәселелеріне айрықша назар аударылды. Армения Үкіметінің басшысын экономика, білім мен мәдениет салаларының мемлекеттік органдары өкілдерінен құралған делегациясы Ереванның Астанамен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа серпін беруге ниетті екенін айғақтайды.
Министр Армения Үкімет басшысының алғашқы ресми сапары екіжақты қатынастардағы маңызды меже болып, көлік-логистика, цифрландыру мен жасанды интеллект, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Сұхбаттастар Қазақстан мен Армения арасындағы достық қарым-қатынастардың жоғары деңгейін және түрлі бағыттардағы диалогты ілгерілетуге өзара қызығушылықты атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасын қамтамасыз етуге бейілділігін растады.
Кездесу соңында тараптар алдағы өзара сапарлар мен бірлескен іс-шаралар шеңберінде сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыру жөнінде уағдаласты.