Қазақстан мен Жапония СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан мен Жапония СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 19 қазан - Жапон тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Жапония Сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэгимен телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Сұхбат барысында М.Тілеуберді COVID-19 індетімен күрес аясында жапон тарапының Қазақстанға көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғысын білдірді.

Тараптар 2020 жылғы тамызда бейнеконференция форматында өткен «Орталық Азия + Жапония» диалогы сыртқы істер министрлері отырысының нәтижелерін іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық серіктестіктің әлеуетін ескере отырып, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастыққа негізделген сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі белсенді нығайту жолдарын айқындап, қарым-қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара тиімді әрекетті жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.