Астана, 2025 жылғы 17 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің арнайы өкілі Пэк Чу Хёнді қабылдады.
Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің даму перспективаларын талқылады.
2026 жылы «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматы шеңберіндегі іс-шараларды қоса алғанда, биік және жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шараларды дайындауға ерекше назар аударылды.
Министр Оңтүстік Корея Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі және өңірлік әрі халықаралық алаңдарда көпжақты өзара әрекеттестікті нығайтуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Сұхбаттастар өзара сауда мен инвестициялардың өсуіне ықпал ететін бірлескен жобаларды дамытуға мүдделілік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша өзара құрмет пен сенімділікке, сонымен қатар серіктестік қатынастарды дәйекті дамытуға деген ұмтылысқа негізделген белсенді саяси диалогты жалғастыруға ортақ дайындық расталды.