Бейжің, 2025 жылғы 13-14 қараша – Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі көмекшісі Мұрат Нұртілеу Қытайдың бірқатар негізгі мемлекеттік органдарының басшылығымен, соның ішінде Сыртқы істер министрлігі, Сауда министрлігі және Ұлттық даму және реформалар комитеті (ҰДРК) басшыларымен кездесулер өткізді.
ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП ОК Сыртқы істер жөніндегі комиссиясы Хатшылығының басшысы, Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Имен болған кездесуде М.Нұртілеу екі ел көшбасшыларының жетекшілігімен екіжақты қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Қазақстан бірлескен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дәйекті түрде ілгерілетуге, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге және екі елдің мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайтуға ниетті.
Өз кезегінде Ван И Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты үйлестірудің негізгі бағыттары, оның ішінде энергетика, көлік байланыстылығы, сондай-ақ ядролық энергетика мен жасанды интеллектті қамтитын жаңа салалар бойынша өзара әрекеттестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.
ҚХР Сауда министрі Ван Вэньтаомен кездесуде өзара сауда көлемін арттыру, қазақстандық өнімнің жеткізілімдерін ұлғайту, экспортталатын тауарлар ассортиментін кеңейту, электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастықты дамыту, өзара саудадағы кедергілер мен «тар жерлерді» жою мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар ҚХР ҰДРК төрағасының орынбасары Чжоу Хайбинмен кездесу өтіп, инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіптік кооперация және цифрлық технологиялар, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы өзара іс-қимыл және көлік байланыстылығын нығайту мәселелері қарастырылды.
Сапар барысында ҚР Президентінің көмекшісі сондай-ақ Қытайдың іскер топтарымен бірқатар кездесулер өткізіп, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, АӨК, металлургия, көлік және логистика, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.