Қазақстан Ауғанстан мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Ауғанстан мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда

Брюссель, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі Арнайы өкілі – Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқұмов Ауғанстан бойынша Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің арнайы өкілдері мен уәкілдерінің жетінші кездесуіне қатысу үшін жұмыс сапарымен Брюссельге барды.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан өкілдері, сондай-ақ Еуропалық одақтың Ауғанстан жөніндегі Арнайы өкілі Жиль Бертран мен Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Эдвард Стипрайс қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар Ауғанстандағы ағымдағы жағдайды талқылап, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырудың және бұл елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік күш-жігерді жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ауғанстанда ұзақ мерзімді бейбітшілік пен орнықты дамуға қол жеткізудің қажеттілігіне тоқтала келе, Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ауған халқына көрсетілудегі қолдауды жалғастыруға дайын екенін растады.

Негізгі кездесуге дейін Е.Тұқұмов Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі және Конрад Аденауэр қоры Брюссельде ұйымдастырған «Ауғанстан және климаттық дағдарыс: жергілікті шындықтар, өңірлік жолдар, жаһандық маңызы» атты дөңгелек үстелге қатысты. Талқылау барысында климат өзгеруінің Ауғанстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсері және орнықты даму мен климатқа бейімделу саласындағы өңірлік өзара іс-қимылдың мүмкіндіктері қарастырылды.

Жұмыс сапары аясында Е.Тұқұмов сондай-ақ Еуропалық одақтың Ауғанстан және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілдері Ж.Бертран және Э.Стипрайспен жеке кездесулер өткізіп, Еуроодақтың Қабылдағы делегациясының, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының (UNAMA), Ауғанстандағы Ага Хан қорының, Швецияның Гётеборг университетінің «Ауғанстан сарапшылары желісі» мен Ауғанстан және Оңтүстік Азияны зерттеу орталығының өкілдерімен пікір алмасты.

2021 жылы құрылған «Ауғанстан бойынша ЕО мен Орталық Азияның арнайы өкілдері мен уәкілдерінің кездесулері» атты диалог алаңы ауған тақырыбы бойынша пікір алмасу мен тәсілдерді үйлестірудің маңызды тетігі ретінде қызмет атқарады.