Қазақстан СІМ-де Ақтөбе облысында цемент зауытын салу жобасын іске асыру мәселесін талқыланды

Қазақстан СІМ-де Ақтөбе облысында цемент зауытын салу жобасын іске асыру мәселесін талқыланды

Астана, 2025 жылғы 11 қараша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанкұлов «QazCement Industries» компаниясының және «China National Building Material» Group (CNBM) құрамына кіретін қытайлық «Sinoma Cement Co., Ltd.» корпорациясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Тараптар жалпы құны шамамен 200 млн АҚШ долларын құрайтын Ақтөбе облысының Байғанин ауданында цемент зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру барысын талқылады. Жоба жылына 1,3 млн тонна цемент өндіретін кәсіпорын салуды (кейіннен 2,5 млн тоннаға дейін кеңейту мүмкіндігімен) көздейді. Бұл бастама Батыс Қазақстан өңірлерінің Ресей мен Ираннан цемент импорттауға тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кездесуде сондай-ақ жобаны инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құрылыс мерзімдері, өндірісті локализациялау, соның ішінде жергілікті шикізатты (бор, саз, мергель) пайдалану және құрылыста 900-ге жуық, ал іске қосылғаннан кейін 250 тұрақты жұмыс орнын құру мәселелері қаралды.

Ғ.Оспанкұлов жобаның Қазақстанның батыс өңірлерін индустрияландыру мен құрылыс саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін және Қытайдың өнеркәсіптік компанияларымен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті: «Бұл жоба қазақстандық және шетелдік бизнестің тиімді серіктестігін көрсетеді. Біз әкімдікпен бірлесе отырып, Батыс Қазақстан өңірлерінің өз өндірістік қуаттарына деген сұранысын – жыл сайын Ресей мен Иран импорты есебінен жабылатын «цементтік шұңқырды» анықтадық. Кейін біз қазақстандық компанияға стратегиялық серіктес іздеуде көмек көрсеттік, нәтижесінде серіктес ретінде қытайлық «Sinoma Cement Co., Ltd.» корпорациясы таңдалды. Жобаның іске асырылуы импортты алмастырумен қатар, өнімді Ресейдің шекаралас өңірлеріне және Орталық Азия елдеріне экспорттауға жаңа мүмкіндік ашады», – деді ол.

«QazCement Industries» жобасы Қазақстан Үкіметінің қолдауымен инвестициялық келісім тетігі арқылы іске асырылуда. Келісім шеңберінде инвесторлар өнімнің кемінде 50%-ын ішкі нарыққа жеткізу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды үздіксіз оқыту міндеттемелерін өз мойнына алды. Бұдан бөлек, компания Байғанин ауданында 80 орындық қоғамдық орталық пен орталық саябақты жаңғыртуды қоса алғанда, әлеуметтік нысандардың құрылысын қаржыландырады.