Қазақстан мен Ресей консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Қазақстан мен Ресей консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Мәскеу, 2025 жылғы 30 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков пен Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің директоры Алексей Климовтың төрағалығымен консулдық мәселелер бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы консультациялар өтті. Іс-шараға сондай-ақ екі елдің мүдделі органдарының өкілдері де қатысты.

Конструктивті атмосферада өткен консультациялар барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар консулдық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей азаматтарының құқықтарын қорғау, шарттық-құқықтық базаны кеңейту және тағы басқа өзекті мәселелер қарастырылды.

Қатысушылар стратегиялық серіктестер арасындағы қатынастарға қосымша серпін беретін және екі мемлекеттің консулдық қызметтері мен құзыретті органдары арасындағы байланыстарды айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретін осындай кездесулерді өткізудің маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консулдық қатынастардың барлық салалары бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екіжақты консулдық консультацияларды тұрақты түрде жалғастыруға ниеттерін растады.