Астана, 2025 жылғы 29 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаумен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін талқылап, экономикалық және инвестициялық серіктестікті дамытуға, инновациялар мен жасанды интеллект, білім мен ғылым салаларындағы өзара іс-қимылына ерекше назар аударды. Энергетикалық қауіпсіздік және маңызды минералдарды өндіру саласындағы ынтымақтастықтың болашағы да бөлек талқыланды.
Е.Көшербаев Астана Вашингтонды экономикалық реформалар мен модернизацияны жүзеге асырудағы басты серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын айтып, тұрақты экономикалық өсуге бағытталған бастамалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын сақтау мен Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сұхбаттастар сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты, оның ішінде биыл 10 жылдығын атап өтетін «C5+1» диалог алаңы аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылықтарын білдірді. Бұл формат Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны, көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға және тұрақты өсуге ықпал ететінін аталып өтті.
Тараптар АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «C5+1» саммитіне қатысу мәселесін де талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрі мен АҚШ делегациясының өкілдері өңірдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі және гүлденуі үшін кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға дайындықтарын растады.