Минскідегі конференцияда Еуразия қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Минскідегі конференцияда Еуразия қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Минск, 2025 жылғы 29 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев еуразиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған III Минск халықаралық конференциясына қатысты.

Өз сөзінде Е.Қоныспаев қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында біріктіруші күн тәртібі ерекше маңызға ие болып отырғанын атап өтіп, Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейлерде ашық өзара іс-қимыл жүргізу арқылы теңгерімді дамуды қамтамасыз етуге ұмтылатынын айтты.

Министр орынбасарының айтуынша, Қазақстан әртүрлі еуразиялық бастамаларды – Еуразиялық экономикалық одақ, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, ШЫҰ мен АСЕАН-ның экономикалық өлшемдерін өзара ұштастыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. «Бұл өңірдің болашағына қатысты көзқарасымызға толық сәйкескеледі – Еуразияда ішкі және сыртқы ойыншылардың мүдделері үйлесім табатын «win-win» қағидатына негізделген қатынастар жүйесін қалыптастыру», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ халықаралық мәселелерді саяси-дипломатиялық жолмен шешудің, диалог пен өзара сенімді сақтау мен нығайтудың маңыздылығы айтылды. Осы тұрғыда Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеу ерекше мәнге ие екені аталып өтті. Қазақстан бұл бағытта өз үлесін қосуға дайын екенін білдірді. Ортақ консенсус негізінде ғана барша тараптар қолдайтын және ұстанатын инклюзивті қауіпсіздік тұжырымдамасын қалыптастыруға болады.

Іс-шара барысында Беларусь БАҚ-тарынаберген сұхбатында Е.Қоныспаев Минск конференциясына халықаралық қоғамдастықтың жоғары қызығушылық танытқанын және Еуразия қауіпсіздігі мәселелерін шешуде сарапшылық өзара іс-қимылдың маңызды рөлін атап өтті.

Конференцияға 48 мемлекет пен 7 халықаралық ұйымның саяси, сарапшылық және талдамалық қауымдастық өкілдері қатысты. Іс-шараның мақсаты қазіргі әлемдік тәртіп жағдайында Еуразия қауіпсіздігінің болашағына қатысты инклюзивті пікірталас ұйымдастыру болды.

Конференция аясында Е.Қоныспаев Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесу өткізіп, Қазақстан-Беларусь қатынастарының өзекті мәселелерін, соның ішінде алдағы байланыстардың кестесін талқылады.