Республика күні қарсаңында Қазақстан СІМ-де салтанатты жиын өтті

Республика күні қарсаңында Қазақстан СІМ-де салтанатты жиын өтті

Астана, 2025 жылғы 24 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында ведомство басшысы Ермек Көшербаев СІМ орталық аппараты мен шет елдердегі ҚР мекемелерінің ұжымын мемлекеттік мерекемен құттықтап, оның дипломатиялық қызмет үшін айрықша маңызына назар аударды.

Өз сөзінде сыртқы саяси ведомствосының басшысы 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуелсіз Қазақстан қалыптасуының негізі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Республика күні – еліміздің реформалар сабақтастығын, орнықты даму мен жаңғыру жолын және Қазақстанның әлемге ашықтығын бейнелейтін маңызды мереке.

«Биыл Қазақстан белсенді сыртқы саясат жүргізуді жалғастырып, стратегиялық серіктестікті нығайтты, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық байланыстарды кеңейту және жаһандық сенім диалогын ілгерілету жөніндегі бастамаларын жүзеге асыруда. Бұл міндеттер дипломатиялық қызметіміздің негізінде тұр», – деді Е.Көшербаев.

Министр СІМ қызметкерлеріне жоғары кәсібилігі және Қазақстанның ұлттық мүдделерін халықаралық аренада ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Республика күніне орай министрлік пен ҚР шетелдік өкілдіктерінің бірқатар қызметкерлеріне, дипломатиялық қызмет ардагерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар, сондай-ақ Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар табысталды.