Қазақстан мен Люксембург саяси және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін растады

Қазақстан мен Люксембург саяси және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін растады

Люксембург, 2025 жылғы 20 қазан – Люксембург Ұлы Герцогтігіне жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Люксембург Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Бас хатшысы Жан Олинжемен келіссөздер жүргізді.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылап, саяси диалогты дамытуға, сондай-ақ экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.

Ерекше көңіл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Люксембург Премьер-министрі Люк Фриденнің 2025 жылғы 23 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне бөлінді. А. Исетов бұл кездесудің екіжақты қатынастарға жаңа серпін бергенін және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік ашқанын атап өтті.

Министрдің орынбасары Қазақстан мен Еуропалық одақтың Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанына 10 жыл толғанын ескере отырып, Люксембургті Еуроодақтағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Екі ел арасындағы өзара іс-қимыл әлеуеті жасыл технологиялар, цифрландыру, жаңартылатын энергия, фармацевтика және ауыл шаруашылығы сияқты бағыттарды қамтиды.

Өз кезегінде Ж. Олинже Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы күш-жігерін жоғары бағалап, Люксембургтің елімізді Орталық Азиядағы сенімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Ол ЕО мен халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілік бар екенін растады.

Анықтама: 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Люксембург арасындағы тауар айналымы 13,6 млн АҚШ долларын құрады, негізінен Люксембургтен импорт есебінен. 2024 жылы тауар айналымы 19,54 млн доллар құрады (экспорт – 36,5 мың, импорт – 19,5 млн). 2024 жылы Люксембургтен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағыны 520,5 млн долл., ал 2023 жылы – 424,5 млн долл. құрады. 2005 жылдан 2025 жылдың екінші тоқсанына дейінгі кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 3,5 млрд доллар құрады. Қазақстанда люксембургтік капиталдың қатысуымен 178 кәсіпорын жұмыс істейді.