Люксембург, 2025 жылғы 20 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) Бас директоры Эндрю МакДауэллмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық инвестициялық банк арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны кеңейту келешегін, соның ішінде бірлескен инфрақұрылымдық, энергетикалық және цифрлық жобаларды талқылап, сыни шикізат материалдары саласындағы қазақстандық-еуропалық стратегиялық серіктестікті іске асыру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын («Орта дәлізді») дамыту жөніндегі бірлескен бастамаларды, соның ішінде ЕИБ және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан үкіметтері, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкі арасында жасалған 1,47 млрд еуро көлеміндегі өзара түсіністік туралы меморандумның іске асырылу барысын қарастырды.
Таза энергетика және сыни шикізат салаларындағы ынтымақтастыққа аса назар аударылды. А.Исетов 2025 жылғы 9-10 қазанда Брюссельде өткен «Global Gateway» форумының аясында Қазақстан Энергетика министрлігі мен Еуропалық инвестициялық банк арасында «Қамбар ата-1» су электр станциясы жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын құптады.
Сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған Қазақстан – Еуропалық Одақ арасындағы сыни шикізат материалдары жөніндегі бірлескен жол картасын іске асыру шеңберінде Еуропалық инвестициялық банктің қазақстандық «Sarytogan Graphite» және «ЖезқазғанРедМет» компанияларымен келіссөздерінің ілгерілеуі аталып өтті.
Сонымен қатар цифрландыру және инновациялар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстан «Alem.AI» халықаралық орталығын құруды және кедендік-логистикалық қызметтерді автоматтандыруға бағытталған ұлттық «Smart Cargo» цифрлық платформасын қоса алғанда жасанды интеллектті дамыту жөніндегі бастамаларын таныстырды.
Осы тұрғыда қазақ тарапы Еуропалық инвестициялық банкке цифрлық жобаларды қолдағаны үшін ризашылығын білдірді, оның ішінде банктың Люксембургтік «SES» компаниясымен бірлесіп Қазақстанның 600-ден астам ауылдық елді мекенін интернет желісіне қосу жөніндегі бастаманы қаржыландыруға қатысуын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өңірдің орнықтылығын, энергетикалық және көлік өзара байланысын арттыруға бағытталған нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделілік білдірілді.